Ақтаулықтар ұшақ апатынан зардап шеккендерге қан тапсыруда, енді Алматының кей аудандарында 12 қабаттан асатын ғимараттар салынбайды және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 25 желтоқсан. ҚазТАГ – Ақтаулықтар ұшақ апатынан зардап шеккендерге қан тапсыруда, енді Алматының кей аудандарында 12 қабаттан асатын ғимараттар салынбайды және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Енді Алматының кей аудандарында 12 қабаттан асатын ғимараттар салынбайды

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің мәлімдеуінше, Алматының рекреациялық аймақтарында биіктігі 12 қабаттан асатын ғимараттар салынбайды, деп хабарлайды «Курсив».

«Мегаполистің сейсмикалық қауіпті орналасуын ескере отырып, біз қатаң шектеулер мен құрылыс талаптарын енгіземіз. Негізгі жаңашылдық – нүктелік құрылысқа, аула мен рекреациялық аумақтарда және 12 қабаттан жоғары құрылысқа тыйым салынады», – деді Әмрин Алматы қалалық мәслихатында.

«Әкемнен естідім»: Ақтаулықтар ұшақ апатынан зардап шеккендерге қан тапсырып жатыр

Ақтау маңындағы қайғылы ұшақ апатынан кейін зардап шеккендерге қан тапсыруға көптеген адамдар келуде, деп хабарлайды Тurkystan.kz.

«Бұл оқиғаны әкемнен естідім. Әрбір азамат қолдан келгенше көмектесуі керек. Төтенше жағдайда жұмыс жасап жатқан барша дәрігерлерге алғыс білдіремін», – дейді қан тапсыруға келген қыздардың бірі.

Донор болу - жауапты іс. Зардап шеккен азаматтарға өмір сыйлауға құштар жанашыр тұрғындардың саны көп.

«БҚО-да 139 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны заңсыз жұмыс істейді»

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Әділхан Сабуровтың мәліметінше, өңірде экологиялық мәселелер бойынша жүргізілген сыртқы талдау қорытындысына бойынша тоғыз сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталып, 21 ұсыныс берілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Оның айтуынша, облыс аумағында тек сегіз қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында ғана рұқсат құжаттары бар. Қалған 139 полигон экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық заңнаманың талаптарына сәйкес келмейді, олар заңсыз жұмыс істеуде.

«Қалдықтардың қоршаған ортаға әсері туралы декларацияламау, келіп түсетін қалдықтарды бақылау мен есепке алуды жүзеге асырмау, сондай-ақ қалдықтарды бөлу рәсімін сақтамау және полигондарда дезинфекциялаушы бетон ванналарының болмауына байланысты тәуекелдер анықталды. Бұл қоршаған ортаға зиянды әсер етіп, топырақ пен судың ластануына соқтыруы, сондай-ақ эмиссия үшін өтемақы алмау түріндегі мемлекетке залал келтіруі мүмкін», - дейді Сабуров.

«Мас күйінде көлік жүргізген депутат қамауға алынды»

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында мас күйде көлік тізгіндеп, полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен депутат 17 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Тарбағатай аудандық мәслихатының депутаты 23 желтоқсанда алкогольді ішімдік ішіп, автокөлік тізгініне отырған.

Ақпаратқа сәйкес, медициналық куәландыру жүргізушінің «орта» дәрежелі мас күйде болғанын көрсетті. Сот барысында ол өз кінәсін толықтай мойындады.

«Сот шешімімен айыпталушы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігі (Мас күйде көлік жүргізу) және 667-бабы 1-бөлігі (полицейдің заңды талабына бағынбау) бойынша кінәлі деп танылып, 17 тәулікке қамауға алынды. Сондай-ақ жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды», - делінген аудандық сот үкімінде.

Фото көзі: pixabay.com


adimage