«Қазақстан Республикасының көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің «РФ шекарасы-Мәртөк-Ақтөбе», «Ұлғайсын – Қызылорда» учаскелерін реконструкциялау көзделген. «Ақтөбе-Ұлғайсын» учаскесінің ұзындығы 266 км құрайды, оның 28 шақырымында республикалық бюджет қаражаты есебінен құрылыс жұмыстары жүргізілуде», - деп мәлімдеді Роман Скляр.
Оның айтуынша, қалған 238 шақырымдағы жұмыстарды Халықаралық қаржы институттарының (ХҚИ) қаражаты есебінен іске асырмақ:
- «Ақтөбе-Ұлғайсын» жобасын мемлекеттік кепілдікпен Еуропалық қайта құру және даму банкінің қарызы есебінен 763-791 км, 819-927 км (136 км);
- «Ақтөбе-Ұлғайсын» жобасын Ұлғайсыннан Қарабұтаққа дейін 927-1025 км (98 км) Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің мемлекеттік кепілдікпен берген қарызы есебінен қаржыландыру туралы шешім қабылданды.
Бірінші вице-премьер бүгінгі күні ТЭН әзірлеу және дайындық жұмыстарын жүргізу үшін мердігерлік ұйым айқындалғанын, сонымен қатар EPCM (жобалау+құрылыс+мазмұны) келісімшарты бойынша мердігерлік ұйымдарды анықтай отырып, конкурстық рәсімдер басталғанын атап өтті.
«Банктермен кредиттік келісімге қол қою үшін ҚР қолданыстағы заңнамасында белгіленген рәсімдер жүргізіледі. ТЭН-ге мемлекеттік және экономикалық сараптама қорытындысын алу, РБК шешімі, мемлекеттік кепілдік беру туралы ҚРҮҚ қабылдау. Жалпы жоба бойынша төрт қозғалыс жолағымен I техникалык санатты автожол салу көзделуде. Толық ауқымды құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталады», - деп хабарлады үкімет басшысының бірінші орынбасары.
Айта кетсек, мәжіліс депутаттары «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» автомобиль жолының учаскесін (763-1025 км) реконструкциялауға қатысты үкіметке жолдаған сауалында соңғы жылдары бұл жолдың жағдайы нашарлап, жергілікті тұрғындар мен жүк тасымалдаушылар үшін көптеген қиындықтар туғызып жатқанын айтқан болатын.
«Өкінішке орай, жолдың осы учаскесіндегі жол-көлік оқиғаларының салдарынан өлім-жітім саны күн сайын артып келеді. Жолдың тиісті деңгейде жөнделмеуі өңірдің экономикалық дамуына кедергі келтіруде. Сондықтан, Ақтөбе – Хромтау – Әйтеке би – Ырғыз бағыты бойынша автожолдың толыққанды жөндеу жұмыстарына қажетті қаражат қарастыруды және оны іске асыруды жеделдетуді сұраймыз», - деді мәжілісмендер.
Фото көзі: primeminister.kz