Алаяқтар Қазақстан Журналистер одағына қатысты тергеу амалдары жүргізілуде деген жалған ақпарат таратуда

Алматы. 24 қазан. ҚазТАГ – Алаяқтар Қазақстан Журналистер одағына қатысты тергеу амалдары жүргізілуде деген жалған ақпарат таратуда, деп хабарлады агенттік тілшісі.

«Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде алаяқтар Қазақстан Журналистер одағы (ҚЖО) басшылығының атынан құқық қорғау органдары, нақтырақ, ұлттық қауіпсіздік комитеті ҚЖО-ға қатысты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр-мыс деген жалған ақпарат таратуда», - деп хабарлады бейсенбі күні ҚЖО.

Бұған дейін Қазақстан Журналистер одағы ішкі істер министрлігі мен ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүгінген болатын.

«Алайда аталмыш күш құрылымдары ешқандай көмек көрсете алмайтындарын мәлімдеді. Себебі бұл алаяқтар, сонымен қатар, шетелден де әрекет етіп отыр», - деп түсіндірді ҚЖО.

Атап өтелік, осыған ұқсас жалған ақпараттар соңғы бірнеше ай бойы министрлік, әкімдіктер, сонымен қатар құқық қорғау органдары басшыларының атынан да жиі таралып келеді. Соған байланысты, мемлекеттік органдар, соның ішінде орталық мемлекеттік органдар тиісті ақпараттарды теріске шығарып, алаяқтарға сенбеу туралы жиі жариялап жүр.

adimage