Тоқаев Украинадағы ахуалдың ушығуына байланысты шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды
Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің мәлімдеуінше, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрге, президент әкімшілігінің басшысына және күштік құрылымдардың жетекшілері мен барлық әкімдерге Украина төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты негізгі әскери және еліміздегі тиісті құрылымдарға шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды Turkistan.
«Парламент палаталарының төрағалары қабылданып жатқан іс-қимыл туралы хабардар етілді. Президент еліміздегі жағдайды өз бақылауында ұстап отыр. Біздің еліміз үшін басты стратегиялық мақсат – тұрақтылықты, тыныштықты, заң мен тәртіп үстемдігін сақтау. Қазақстан славян екі халық арасындағы қақтығысты келіссөз арқылы тоқтату қажет екенін бірнеше рет мәлімдеген болатын», – дейді Берік Уәли.
«Балалар сабақтан қараңғыда қайтады»
Әнші Жазира Байырбекова уақыт белдеуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Aikyn.kz.
Өнер иесінің айтуынша, қазіргі сағат бойынша балалар үйге кеш қайтып жүр.
«Уақытты қайтарыңдар! Мектептен, балабақшадан балалар шыққанша қап-қараңғы. Заң шығарушылардың балаларында жүргізуші мен бала күтушілері бар. Ал қарапайым халықтың бәрінде ондай мүмкіндік бола бермейді. Мектепке өздері барып келетін оқушылардың үйіне қараңғыда оралуы қауіпті екенін неге ескермейді уақытты өзгертушілер?! Неге сағатты жылжытты?! Кім біледі?!», – деп жазды әнші.
Бектенов Украинадағы жағдайға қатысты шұғыл жиын өткізді
Премьер-министр Олжас Бектенов Украина төңірегіндегі жағдайға байланысты мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау бойынша шұғыл жиын өткізді, деп хабарлайды Orda.kz.
Жиын барысында үкімет басшысы қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың стратегиялық және инфрақұрылымдық нысандарды қорғауды қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мәліметтерін тыңдады. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың іс-қимылдарын күшейтуге бағытталған бірқатар міндеттер қойды. Тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті сақтау, көлік қатынасының қауіпсіздігі, денсаулық сақтау нысандарының қызметі және басқа да мәселелерге назар аударылды.
«Уәкілетті құрылымдардың басшылығына президенттің қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының орындалуын ерекше бақылауда ұстау және жағдайдың өзгеруі туралы шұғыл түрде баяндау тапсырылды», - делінген хабарламада.
«Путиннің мәлімдемесінен соң Мәскеуден Астана бағытына билеттер құны күрт өсті»
Путиннің 21 қарашадағы үндеуінен соң Мәскеуден Астанаға билеттер құны 2-3 есеге өсті. Ресейліктердің ағымы қайта көбейеді деген болжам бар, деп хабарлайды Stan.kz.
Telegram арналардың біріндегі мәліметке сәйкес, Мәскеуден Астанаға әуе билеттер құны 100 мың рубльден жоғары бағаға өскен.
Бұл Қазақстанға ресейліктердің ағымы тағы да көбейетінін көрсетеді.
Еске салсақ, Ресей президенті Владимир Путин шұғыл мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Украинадағы қақтығыс «жаһандық сипаттағы элементтерге» ие бола бастады.
Фото көзі: akorda.kz