Сарапшылар Әбдірахымовтың отставкасы туралы: Әкім кетті – проблемалар қалды

Алматы. 6 тамыз. ҚазТАГ – Владимир Радионов. Ғабидолла Әбдірахымовтың Шымкент қаласы әкімі қызметінен кетуі үлкен қызығушылық тудырды, бұл шаһардың еліміз бойынша республикалық маңызы бар үшінші мегополис атануына ғана емес, сонымен қатар, экс-қала басшысы тұлғасының өзгешелігіне байланысты болып отыр. Президент әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаев айтып кеткендей, отставкаға кетуінің себебі ол «саяси сенім үдесінен шыға алмады». Осы ретте, шымкенттіктердің өздері Әбдірахымовтың отставкаға кетуініне қатысты екіге бөлінді: бірі «шығарып жібергені дұрыс болған, тек хайп ұстайтын» десе, енді бірі «жақсы әкім еді, қала үшін көп нәрсе жасады» деп отыр. ҚазТАГ бұл пікірлерді ескере отырып, билік шынымен аймақтық бастықтарды жасаған қателіктері үшін жұмыстан шығара бастады ма немесе Әбдірахымов элитаға сіңісе алмағандықтан кетті ме деген сұрақтарға жауап іздеп сарапшылар арасында сауалнама жүргізді.

«Шынайы әкім»

Орталық Азия даму қорының жетекшісі Толғанай Үмбеталиева Әбдірахымовқа осындай сипаттама берді.
«Әбдірахымов Шымкент қаласы әкімі қызметінде белсенді жұмыс істеді, өзінің тосын шешімдерімен танымалдылыққа ие болды. Әңгімелесудің бұл үлгісіне біз үйренбегенбіз, ол – шынайы, ал біз қабағынан қар жауған, алдын ала не айтатынын болжап білуге болатын әкімдерге үйреніп қалдық. Әбдірахымов эмоционалды, шапшаң шешім қабылдайтын, халыққа жақын және өзінің ешқандай ережеге бағынбайтын шешімдерімен есте қалды. Ол еш жерде жазылмаған алайда бар ережелерге бағынбады. Тіпті бұл осыған дейін қалыптасқан элитаның ішіндегі жүйені бұзды десе болады, «тыныш отыр» десе, ол «тыныш отырмады».
Сонымен қатар, сарапшының пайымынша Әбдірахымов «нағыз іс бітірді».
«Шымкентте тұрып наразылығын білдірген Арыс қаласы тұрғындарының мәселесіне келетін болсақ, ол оны шешті, мәселені ушықтырмай шешті, көтеріліс болған жоқ. Менің ойымша дәл осы жағдай оның болашақ жұмысына кері әсерін тигізді, ол жоғарыдан ешқандай тапсырма күтпеді, өзі шешті, Астанамен келісе отырып шешті деп ойламаймын. Қысқасы, ол Астана барлығын бақылауда ұстау керек деген біздің элитаға тән дәстүрді бұзды. Әбдірахымов – бұл аймақтық көшбасшының жаңа форматы, бұл адамдарға ұнайды. Әкімдерді таңдау бізде баяғыдан бері күн тәртібінде келе жатқан мәселе, егер талқылаудың шегінен шығатын болсақ халыққа дәл осындай әкімдер керек болуы мүмкін», - деп есептейді саясаттанушы.
ПӘ жетекшісі Көшербаевтың айтқанына, яғни «саяси сенім үдесінен шыға алмады» дегенге келетін болсақ, дәл осы «саяси сенімді» билік қалай түсінетінін ескеру керек.
«Көшербаевтың қалай шешім қабылдап және әрекет ететінін ескерсек, онда халықты әбден ызаландырып, сосын Шымкентке әскер кіргізу керек еді. Немесе сағаттар бойы телефонда отырып, Астанамен әр қадамды келісе отырып жасау керек еді, елге бұйрық беріп сөйлесу керек еді – сонда саяси сенім қалар еді. Әбдірахымов халықтың не қалайтынын түсініп, олармен ашық әңгімеге шықты», - деп түсіндірді Үмбеталиева.

«Алғашқы бес жүздікке кірмейді»

Саясаттанушы Расул Жұмалы Әбдірахымов танымалдылыққа ие болғаннан кейін қызметінен алынды деп ойламайды, керісінше қарама-қарсы пікір білдіруде.
«Ол үлкен қолдауға ие болуы мүмкін еді, болашақта осы тұрғысында қауіп төндіруі мүмкін деген тезистер шындыққа жанаспайды. Менің субъективті пікірім, Әбдірахымов Қазақстандағы алғашқы жүздік тұрмақ, тіпті алғашқы бес жүз беделді адамдардың қатарына кірмейді», - деген сенімде сарапшы.
Сарапшының есептеуінше, «әкім сенім үдесінен шыға алмады» деген себеп шынымен-ақ оның отставкаға кетуіне негіз болды. Ол мегополис проблемаларын шешуде дәрменсіздік танытты, тіпті Арыстағы жағдай Шымкентке дейін жетті – әкімнің әрекеті де көңілге қонбады. Сонымен қатар, саясаттанушы экс-әкімнің «ұшқалақтығын да» атап өтті.
«Тіпті оның терминологиясы – «Әркімнің өзінің ойпырмауы болуы керек» – дегені ірі қаланың басшысынан гөрі тинэйджерлерге көбірек тән. Осындай жағдайлар жинала берді», - деп атап өтті Жұмалы.
Шенеуніктердің отставкаға кету тәжірибесі туралы ой қозғаған сарапшы Әбдірахымовтың жағдайына қатысты оның ойынша маңызды мәселені атап өтті.
«Біздің тәжірибемізде әкімдер отставкаға көп ұрлағаннан кейін және жұмысын дұрыс істей алмағаннан кейін кетеді – бірақ уақыт өткеннен кейін ол бұрынғы қызметінен де жоғары қызметке тағайындалады. Қандай қателіктері үшін алынып тасталды, немесе қандай еңбегі үшін тағайындалды деген дүниелерді бұған дейін билік мүлдем атап көрсетпеген, адамдар пал ашып жүретін. Бұл жолы Әбдірахымовтың жағдайына қатысты толық болмаса да билік түсінік берді. Бұл жақсылықтың, өркениеттің, биліктің халықпен санаса бастағанының белгісі. Кез келген шешімдерге, кадрлық шешімдерге де қатысты түсініктеме берілуі тиіс, бұл түрлі өсек аяңды болдырмайды. Бұл бастамалар жай танымалдылық үшін емес, жүйелі түрде қолданысқа енуі тиіс. Президент шенеуніктер халыққа қызмет етуі, ортақ тіл табыса алуы және беделді болуы керек дейді, сондықтан мұндай шешімдер таңдаулы жағдайларда ғана емес, жүйелі түрде қабылданысқа енсе игі болар еді», - деп түйіндеді Жұмалы.

«Әкім халықтың сеніміне ие болуы керек»

Саясаттанушы Досым Сәтпаев та кадр мәселесіне келгенде жүйелі түрде әрекет ету керек деп есептейді.
«Бұған дейін отставкаға кеткен әкімдер немесе министрлер туралы айтатын болсақ, олар нақты сипатқа ие, шенеунікке кез келген басқа шенеунікке де тағуға болатын айып тағылады, осы тұрғысында Шымкент әкімі айтарлықтай ерекшеленді деп айтуға болмайды. Әбдірахымовтың отставкаға кетуі кешенді шешім болды. Біріншісі элитаішілік қақтығыстар, оның үстіне Қазақстанның оңтүстігіне өзіне тән ерекшелік бар – онда түрлі аймақтық топтардың өзара қақтығысы өте күшті және әр қайсысы нақты бір қызметке өзінің адамдарын қойғысы келеді. Екіншіден, халық арасында әлеуметтік наразылықтың өршіп келе жатқанын ескере келе Ақорда әрқашан нақты шешімдер қабылдап, қадам жасап отырғанын әркез көрсетуі, оның үстіне олар бұқара халықты тыныштандыруы тиіс. Бұл кішкене популизмді еске салады, яғни билік негізгі мәселелерді шешпестен ойнағанды жақсы көреді. Ол құрбан шалу алаңына кейбір шенеуніктерді тастауға дайын – жаңа президенттің барлық мәселені өз бақылауында ұстап отырғанын көрсету мақсатында, әрине», - дейді Сәтпаев.
Ол атап өткендей, бұл жағдайда билік мемлекеттік аппаратқа қашан жүйелі реформа жүргізіледі деген басты сұраққа жауап бермейді.
«Бұрынғы әкімнің отставкаға кетуі және Шымкент қаласының жаңа әкімін тағайындау бюракратиялық аппараттың бұрынғы ауруын көрсетіп отыр, яғни ешкім бұған дейін жасаған қателіктеріне жауап бермейді. Бізде әрқашан жағдай солай болған: жаңа әкім келеді –жаңа парақ ашылады, ешкім жасаған жұмысына есеп бермейді. Содан соң, кез келген шенеунік басшылық қызметтен кеткеннен кейін сол жерде «безгек» басталады – ойыншылар құрамы мен ойын ережесі өзгереді. Шымкентте де бұл жағдай қайталанады. Осы мәселлердің барлығы жоғыра жақта көтерілмей отыр», - деп есептейді саясаттанушы.
Кез келген кадрлық ауыс-түйіс артында халық хайп, көпшілік алдында ойын ойнауды ғана көріп қоймай, не себепті оның дәл қазір жасалып жатқанын түсінуі шарт. Болашақта әкім халық алдында сенімнен айырылды деп айтылмас үшін бұл не себепті мемаппарат деңгейінде бір жүйеге қойылмағаны түсініксіз.
«Тағы бір мәселе, неге шенеунікті сол биліктің алдында сенімнен айырылғаннан кейін отставкаға жіберіледі деген мәселе туындап отыр. Әкімдер мәселесіне келгенде біз оларды таңдау туралы мәселені көтеруіміз керек, халық оның бұл қызметке лайық немесе лайық емес екенін өзі шешуі керек. Егер таңдау мүмкіндігі болса – халық оның шынымен қолынан келген келмегенін біліп отырар еді. Ал егер үмітті ақтай алмаса халықтың наразылығы бұдан да күшті болар еді. Менің ойымша кадр мәселесіне келгенде билік түбегейлі өзгеше қадам жасағаны жөн болады – әкімдерді таңдау туралы пікірталас бастағаны абзал. Ол билік пен қоғамның өзара қарым-қатынасына, бюракартиялық аппараттың реформаларына жаңа сипат береді, тіпті аймақтарда да», - деп есептейді Сатпаев.

Естеріңізге сала кетейік, Ғабидолла Әбдірахымов Шымкент қаласы әкімі қызметінен 30 шілдеде босатылды. Оның орнына қала басшылығын қолына Түркістан облысы Отырар ауданының экс-әкімі Ерлан Айтаханов алды.
Қызметінен босатылғанға дейін Шымкент қаласының әкімі Әбдірахымов Instagram-дағы жеке парақшасына Лондан көшелерін аралап жүріп, оны «әлем астанасы» деп атады және қазақстандықтар Қазақстанда жұмыс істеуі және тұруы керек, бірақ әлем бойынша саяхаттауы тиіс деген ролик салды. Көптеген қазақстандықтар экс-әкімнің бұл әрекетін сынға алды, олар көптеген азаматтар өмір бойы жұмыс істесе де әлемді аралап, саяхаттай алмайды деп жазды. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде түр пошымы еуропалықтарға ұқсайтын, шомылу киімін киген әйелдің Әбдірахымовқа ұқсас ер азаматпен яхтада түскен сурет тарап кетті, ал суреттің астында «күйеуім» деп жазылған.

adimage