Кен Әлібек: Коронавирус туралы өтірік көбейген сайын, оған сенетін адамдар саны да артуда

Алматы. 27 мамыр. ҚазТАГ – Мәдина Әлімханова. XXI ғасырда маска мен вакцинаға сеніп отыруға болмайды, өзге тиімді әдістерді іздестіру керек, деген пікірімен Locus FS (АҚШ) компаниясының атқарушы вице-президенті, медицина, микробиология, иммунология мен биотехнология ғылымдарының докторы Кен Әлібек (Қанатжан Әлібеков) бөлісті.

- Қанатжан Байзақұлы коронавирустан қорғайтын вакцинаны шынымен жасауға бола ма? Тұмаумен күресіміз қайталанбай ма, басқа штамптың вакцинасы болып шықпай ма?

- Вакцинаны шынымен-ақ жасауға болады. Бұл ретте мәселе басқада болып тұр. Біз дәл осы вирусқа қарсы вакцина жасап жатырмыз, ол басқаға қарсы жұмыс істемейді. Бүгінгі таңда аз уақыттың ішінде әсері мықты вакцинаны ешкім жасап шыққан емес. Вакцинаны жасап шығарады деп үміттенейік. Бұл оңай шаруа емес екенін түсінген жөн. Көптеген азаматтар вакцинаны жасап шығардық деп жар салуда, алайда олар қандай процестерден өтуі керек екенін түсініп отырған жоқ.

- Қазақстандық ғалымдар клиникаға дейінгі зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқаны туралы хабарлады... Қазақстанда шынымен жақсы вакцина жасап шығара ала ма, әлде бұл тағы бір ақша шығындау ма?

- Бұл мәселеге қалай қарағаныңызға байланысты. Қандай зерттеу жұмыстары болмасын ол ақша тұрады. Вакцина жасаудың да жолдары өте көп. РНҚ және ДНҚ типті вакциналар бар. Әзірге, мен жетістік туралы айтуға асықпас едім. Клиникаға дейінгі зерттеу жұмыстары вакцинаның дайын екенін білдірмейді. Дәл қазіргі жағдай бойынша айтатын болсам, мәселе адамдардың жұқтыруында емес, олардың қайтыс болып жатқанында дер едім. 50 жасқа дейінгі адамдар арасындағы өлім-жітім 0,1%-ға жуық шамада, ал қайтыс болып жатқандардың басым бөлігі жасы 85-тен асқандар. Демек көрсеткіштер өзгеріп жатыр: 50% – бұл жасы 80 немесе одан асқандар, 20% – бұл жасы 70-лер немесе одан асқандар. Вакцина осы жастағыларға иммуногенді болуы шарт.

Тағы бір мәселе, дүрлігудің қажеті жоқ, тұмауданда адамдар қайтыс болады деп ойлайтындармен байланысты. Бұл үлкен қателік. Егер қайтыс болғандарды 1 млн халыққа шағып есептейтін болсақ, коронавирустан қайтыс болғандардың саны айтарлықтай көп екенін білеміз.

Мен Биотехнологиялар ұлттық орталығының директоры Ерлан Раманқұловты жақсы танимын. Ол өте жақсы ғалым және ұйымдастырушы. Алайда бұл орталықтан басқа да медициналық орталықтар көп. Оларға адам иммунитеті саласында тәжірибе керек, қосымша клиникаға дейінгі зерттеулер жүргізу керек, зерттеу жүргізуге рұқсат алу керек және т.б. Енді ойлап көріңіздер, жеңіл желпі жасалған нұсқа не береді? Жағдай онсызда күрделі, бұл жылдамдатып есеп беріп құтыла салатын жағдай емес.

-Вакцинаны қарияларға сынау қауіпті емес пе?

- Жастарға, еріктілерге сынау керек. Алайда тәуекел тобындағылар қорғалуы керек – артық салмағы барлар, қатерлі ісік ауруына шалдыққандар. Адамдардың белгілі бір тобы үшін өте маңызды, сонымен қатар ауырсада өлмейтіндердің тобы бар. Ауырсада қайтыс болмайтындар үшін бұл ұжымдық иммунитет қалыптастыру мақсатында өте маңызды. Мұнда тек ғылыми емес, сонымен қатар этикалық мәселелер көп.

- Коронавирусқа қарсы міндетті вакцинациялауды енгізу керек пе?

- Вакцинаны аса сезімтал азаматтар үшін жасаған жөн. Мәселен, тұмау кезінде барлығын бірдей вакцинациялаған дұрыс. Алайда тұмауы асқынған кезде көбіне сол санаттағы азаматтар бірінші кезекте қайтыс болатынын ескерсек бізде міндетті вакцинациялау жоқ. Жұқтырып жатқандар санын азайтқан дұрыс, сонда ғана егде жастағылар арасындағы дерттің таралуын тоқтата аламыз, бәлкім ұжымдық иммунитет қалыптасады.

- Ал міндетті вакцинациялауға көзқарасыңыз қалай? Оның пайдасы бар ма? Әлде керісінше қауіпті ме?

- - Вакцинациялау міндетті немесе ерікті болуы керек деп әңгіме қозғағанда үлкен қателік жасаймыз деп ойлаймын. Медицина саласындағы шенеуніктер қандай жағдайда вакцинациялау жүргізуге болмайтынын сипаттап айтпайды. Нәтижесінде үлкен дау шығады. Мәселен 100 мың адамды вакцинациялау жүргізілді делік, ішінен бір кішкентай балада немесе ересек адамда асқыну белгілері білінеді. Екпе егуге қарсы азаматтар осы ақпаратты пайдаланып, вакцинациялауға болмайды деп ақпарат тарата бастайды. Алайда ешкім қаншама адамның өмірі аман есен қалғанын түсінгісі келмейді. Миллиондар аман есен қалды емес пе. Вакцинациялау пайда болғанға дейін адамдар 50 жасқа дейін ғана өмір сүретін, кейбір ауру түрлері бойынша өлім жітім 70% -ға дейін жетіп жататын. Ал кейбірулерінде бұл 100% құрады. 1940 жылдардағы адамдардың өмір сүру ұзақтығын қарайтын болсақ полиомиелиттен жаппай вакцинациялау басталғанға дейін мүгедектер көп болған. Вакцина полиомиелитті жеңуге көмектесті. Біз сәбиді қауіпті дерттен сақтау үшін вакцинациялау керек екенін түсінуіміз керек. Алайда қандай жағдайда вакцинациялау жүргізуге болмайтынын немесе кейінге қалдыруға болатын жағдайлардың нақты тізімі керек. Құрама штаттарда ол тізім бар. Егер бала мен ата-ананың айтуы бойынша жағдайы дұрыс болмаса дәрігер вакцинациялауды кейінге қалдыруды ұсынады. Мәселеге ресми түрде қарау көмектеспейді. Адамның бойында туа біткен дерті бар делік, біз оны көрмейміз. Алайда вакцинациялау хирургиялық ота, тіс жұлу барысында жүргізілген анестезия, психикалық немесе физикалық травмалар сияқты адамның организмдегі кейбір процестерді іске қоса алады. Бұл процесс бәрібір іске қосылады, бірақ кейінірек болуы да мүмкін. Алайда дәрігерлер баланың көңіл күйі жоқ екенін, оның сыртқа серуендеуге шыға бермейтінін байқаса вакцинациялауды кейінге қалдыруы керек. Мұнда вакцинациялау бойынша өлшемдері жасақтап шығару керек, оны уәкілетті министрлік жасауы тиіс.

- Болашақта бұданда қауіпті вирустар пайда болуы мүмкін бе? Адамзат жаңа вирустарды жеңе ала ма немесе онымен бірге өмір сүруге мәжбүр бола ма?

-Қазір XXI ғасыр. Вакцинациялау – бұл XIX ғасырда пайда болған қорғану жүйесі. Ол жақсы жұмыс істейді. 2002 жылдың соңында және 2004 жылы кішігірім эпидемиялар болып тұрды. Сол кезде Сингапурдегі ауруханада жұқпалы аурулар және коронавирус бойынша кеңес беретінмін. Біз ауруханаға барып әр жағдай бойынша талдау жүргізетінбіз, алдын алу және т.б. бойынша кеңес беретінбіз. Сол кезде мені таңғалдырғаны 100 жылдан бері жаңа қорғану жүйесін ойластырмаған екенбіз, ештеме өзгермепті.

Ерекшелігі жоқ иммунды жүйе бар. Ол ерекше иммунды жүйе өз жауабын бергенше кез келген ауруды ұстап тұруға қауқарлы. Бізге ерекшелігі жоқ иммунды жүйеге қолдау көрсететін әдістемені жасақтау керек. 2002 жылдағы АҚШ-та қазіргі коронавирус сияқты ерекше потогендермен күресу бағдарламасы болды. Сол кезде вакцина немесе антибиотиктер емес, жаңа әдісті жасақтау керек болатын. Бұл бағдарламаға қыруар қаржы бөлінген еді, алайда кейін оны жауып тастады.

- Коронавирусты жеңуге бола ма? Бұл әйтеуір бір біте ме?

- Бүгінде көптеген елдер сырқаттану деңгейіне шығып жатыр. Тұмау кезінде сырқаттану екі үш апта болса, коронавирус кезінде сырқаттану алты апта бойы кетпей жатыр.  Демек вирус кетпей жатыр. АҚШ-та эпидемия төмендей бастады. Алғаш рет жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны азайып отырғанын көрудеміз. Алайда Латын Америкада, атап айтқанда Бразилияда жағдай күрт ушығып кетті. Колумбия, Парагвай сияқты елдерде де жақында басталады. Біз жазға шығып бара жатырмыз, оңтүстік бөлікте бұл уақытта күн салқындау болады. Нәтижесінде вирус көптеп таралуы мүмкін. Коронавирус қалуы мүмкін, күзде екінші толқыны басталуы да ғажап емес. Сондықтан біз қазірден бастап өлім-жітім санын азайту үшін не істеу керек екенімізді ойластыруымыз қажет. Қайтыс болғандар санын азайтудың түрлі тәсілдері мен әдістері бар. ХХІ ғасырда ХІХ ғасырдағы әдістерге сенуге болмайды. Вакцина келеді деп күтуге болмайды, келмесе ше? XIX ғасырда маскалар болды және қазір де маскалар... Мен маска тақпадым, біздің компанияның қызметкерлері осы кезеңде толық жұмыс істеді. Жасы 60 асқан азаматтардың аурудың жеңіл түрімен ауырып шыққандары болды. Бұл мүмкін дүние, біліміңіз болса тек басты істету керек.

- Ғаламторда коронавирусты жеңу өте қиын, себебі ол қолдан жасалған вирус деген пікірлер көптеп айтылады. Бұл рас па? Осылай жасауға бола ма?

- Бұл мағынасыз нәрсе. Мұндай әңгімені вирусолог, генетик мамандар емес, өзгелер айтып жүр. 2004 жылдың өзінде америкалық және қытайлық ғалымдардың бір тобы Оңтүстік Кореяда басталған SARS вирусы әлемді аралап жүріп мутацияға ұшырағаны туралы мақала жариялаған болатын. Олардың Еуропада және Америкада анықталған әрқайсынының түрі әртүрлі болды. Адамның тініне енген вирус одан мүлдем басқаша болып шығуы мүмкін. Ол адамның жасушаларын құрылыс материалы ретінде пайдаланады, яғни бар затты қолданады. Вирус генетикалық тұрғыда өзгертілген немесе ол арнайы қару деп айту мағынасыз дүние. Табиғат – үздік генетик. Ол адамға қарағанда миллион есе үлкен жылдамдықпен өзгереді. Ал қару белгілі бір мақсатпен жасалады. Ал нысана кім? Жұмыс істей алатын, қолына қару ала алатын жастар ма? Зейнетке шыққандарды өлтіруде қандай мағына бар? Оның үстіне қарсыласыңда Қазақстан, АҚШ немесе Ресей болсын онда зейнеткерлердің көп болғаны тиімді. Бұл экономикаға кері әсерін тигізеді. Ендеше егде жастағыларды өлтіру арқылы қарсылас елдің экономикалық жағдайын жеңілдетудің қажеті не? Жалпы,коронавирус туралы өтірік көбейген сайын, оған сенетін адамдар саны да артуда

- Сұхбатыңызға рахмет.

adimage