Қытайда Астанадағы LRT-ның вагондарын құрастырып жатыр, қосымша құн салығының егжей-тегжейі айтылды және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 27 ақпан. ҚазТАГ – Қытайда Астанадағы LRT-ның вагондарын құрастырып жатыр, қосымша құн салығының егжей-тегжейі айтылды және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Семейде қаңғыбас иттер қаптап жүр

Қала көшелерін кезіп жүрген қаңғыбас иттер семейліктердің мазасын қашырған. Әсіресе қаланың орталық ауданында қараусыз жануарлар көбейіп кеткен, деп хабарлайды Baq.kz.

«Қараусыз жануарлардың көбейіп кеткені қатты алаңдатады. Бұл балалар үшін өте қауіпті. Таңертең балаларды мектепке апарарда немесе кешкісін серуендегенде топтасып жүрген иттерден қорқамыз. Ит асырайтын адамдар оларды қараусыз жібермегені дұрыс», - деді қала тұрғыны.

Облыстық ветеринариялық қызметтің айтуынша, қараусыз жануарлармен күрес шаралары үздіксіз жүргізілуде. Егер жануар агрессивті әрі тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндірсе, рұқсат етілген препараттармен шұғыл эвтаназия жасалады.

Қытайда Астанадағы LRT-ның вагондарын құрастырып жатыр

Қытайдың Таншань қаласында Астанадағы LRT-ның алғашқы жылжымалы құрамдарын құрастырып жатыр. Зауытта 19 дана жылжымалы құрамға тапсырыс берілді, деп хабарлайды Stan.kz.

Ақпаратқа сәйкес, ұзындығы 60 метрлік жылжымалы құрамдар GOA 4 деңгейіндегі автоматтандырылған бағдарламалық-аппараттық кешенмен жабдықталады. Ол мынадай функцияларды қамтамасыз етеді: есіктерді автоматты түрде ашу және жабу; тоқтау және жылдамдату; депоға кіру және шығу; құрамдардың жағдайын бақылау; пойыздар арасындағы қашықтықты реттеу; оператордың (машинист) қатысуынсыз басқа функцияларды орындау.

Алғашқы жылжымалы құрамдар мамыр айының соңына дейін дайын болады. Қыркүйек айында алғашқы пойыздар жеткізілгеннен кейін олар сынақтан өткізіледі.

«Тестілік пайдалану немесе тестілік іске қосу – пайдалануға берудің маңызды кезеңі. Бұл кезеңде барлық инфрақұрылым элементтері, жылжымалы құрам және барлық жабдық тексеріледі. Соның ішінде рельстердің бүтіндігі, электрмен жабдықтау жүйесі, телекоммуникация жүйелері толық зерттеледі. Сынақтар барысында үлкен көлемде деректер жиналып, талданады, оның нәтижесінде LRT жүйесін пайдалануға беру туралы шешім қабылданады», – деп түсіндірді «City Transportation Systems» ЖШС басқарушы директоры Орынбасар Ағыбаев.

«Шымкентте тұрғындарды қорқытып, бопсалағандар ұсталды»

Полиция өңірде маргиналды жастардың қылмыстық әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды Turkistan.

ІІМ мәліметінше, үш ер адам мен бір қыздан тұратын топ екі 19 жастағы тұрғынды күш қолданумен қорқытып, $3 000 бопсалаған. Бірнеше мекенжайда тінту жүргізу нәтижесінде атыс қарулары мен суық қару, өзге автокөліктердің құжаттары, телефондар және есірткі тәркіленді.

«Тергеу барысында топтың басқа да мүшелері анықталды. Олардың екеуі бұзақылық қылмысы бойынша, біреуі – заңсыз қару сақтағаны, тағы біреуі есірткі қылмысы бойынша күдіктілер. Ұсталғандардың барлығы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторында қамауда», - делінген хабарламада.

«Қосымша құн салығының егжей-тегжейі айтылды»

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин cалық кодексіне енгізілген өзгерістерді таныстырды, деп хабарлайды Orda.kz.

Оның айтуынша, алты жұмыс тобы Қазақстанның өңірлерін аралап, мыңдаған кәсіпкерлермен сөйлескен. Кейін ҚҚС мәселесі бойынша ұжымдық келісімге келген.

«Біз қосылған құн салығының сараланған мөлшерлемесін ұсынып отырмыз. Жалпы белгіленген мөлшерлеме 16% базалық мөлшерлеме. Екінші нұсқа – агроөнеркәсіп кешенін ҚҚС-тан толық босату. Бұл ретте өз еркімен есепке тұру құқығын сақтаймыз», - деді ол.

Азамат Амриннің мәлімдеуінше, туризм, IT, шығармашылық индустрия және азық-түлік өндірісі сияқты салаларда 10% мөлшерлемені бекіту жоспарланып отыр.

Фото көзі: Ашық дереккөз


adimage