Премьер-министр BI Group, BAZIS секілді ірі компанияларға салық төлеуге екі апта уақыт берді, отандық блогерлер өз еркімен Т73,6 млн салық төлеген және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 28 ақпан. ҚазТАГ – Премьер-министр BI Group, BAZIS секілді ірі компанияларға салық төлеуге екі апта уақыт берді, отандық блогерлер өз еркімен Т73,6 млн салық төлеген және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Қазақстандық блогерлер өз еркімен Т73,6 млн салық төлеген

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, кірістерді төмендету бойынша камералдық бақылау туралы хабарламалардан соң 12 блогер өз еркімен Т1,4 млрд көлемінде қосымша табыстарын декларациялап, Т73,6 млн салық төледі, деп хабарлайды El.kz.

«Бүгінгі таңда барлығы 854 блогерге «кірісті төмендету» бойынша заң бұзушылықтар үшін Т71,9 млрд сомасында камералдық бақылау туралы хабарламалар жіберілген. Орындау мерзімі – 30 жұмыс күні. Сонымен қатар Т71,9 млрд көлеміндегі айырмашылықтар төленбеген салықтардың сомасы емес екенін атап өткен жөн. Көрсетілген айырмашылық сомалары блогерлердің салық декларацияларында көрсетілмеген болжамды табыстарын білдіреді», - делінген комитет мәліметінде.

«Кім бірінші келсе, сол үй алады»: Отбасы банк жұмысшы мамандар үшін жаңа бағдарлама бастайды

Сенатта «Отбасы банктің» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова қай санаттағы жұмысшы мамандар жаңа бағдарлама бойынша үй ала алатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Биыл «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы аясында жұмысшы мамандықтары өкілдеріне Т72 млрд көлемінде 2 440 несие беру жоспарлануда. Өтінімдер 2025 жылдың 17 наурызынан бастап қабылданады.

«Жеңіл несие жұмысшы мамандықтарда істейтін азаматтарға беріледі. Филиалға бірінші келгендер бірінші ала алады. Ол үшін жұмыс уақытынан анықтама керек. Ең біріншіден, тау-кен байыту, өнеркәсіп саласының мамандарына, энергетиктер, көлік, ауыл шаруашылығы, су ресурстары мамандықтарына несие беріледі», - деді Ләззат Ибрагимова.

«Бір айда 17 есірткі зертханасы жойылды»

Ішкі істер министрлігінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті және оның аумақтық бөліністері тек ақпан айында 17 есірткі зертханасын жойды, деп хабарлайды Malim.kz.
Сонымен қатар 19 күдікті ұсталып, заңсыз айналымнан 80 келіге жуық есірткі заты тәркіленді.

«Ең ірі қылмыстық істердің бірі Қызылорда облысында анықталды. Мұнда 46 жастағы ер адам – жасырын есірткі зертханасының ұйымдастырушысы және оның туыстары ұсталды. Олар элиталық сұрыптағы қарасораны заңсыз өсіріп, есірткі заттарын ірі көлемде сақтап, сатуды жоспарлаған. Жедел іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері күдіктінің бітпеген үйінде фитозертхананы анықтады. Ол жыл бойы өсімдік өсіруге қажетті жарықтандыру, желдету және суару жүйелерімен жабдықталған. Арнайы операция нәтижесінде 19 келіден астам «голландтық қарасора» тәркіленді», – дейді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Данияр Мейірхан.

Премьер-министр BI Group, BAZIS секілді ірі компанияларға салық төлеуге екі апта уақыт берді

Үкімет басшысы Олжас Бектенов салықтан жалтарған ірі компаниялардың толық тізімі барын айтып, BI Group пен BAZIS құрылыс компанияларын атады, деп хабарлайды «Курсив».

Бектенов вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринмен, қаржы министрі Мәди Такиевпен жұмыс кеңесінде салық-бюджет реформасы, салық түсімдерін бақылауды күшейту мәселелерін талқылады.

«Қаржы министрінің ақпаратынан салық жүктемесін оңтайландырудың әртүрлі схемаларын қолдана отырып, міндетін адал атқармайтын кәсіпкерлердің барын көріп отырмыз. Миллиардтаған айналыммен олар бюджетке өздерінің тапқан пайдасына мүлдем сәйкес келмейтін сомаларды төлейді. Бізде осындай ірі компаниялардың толық тізімі бар. Ол тізімде BI Group, BAZIS және басқа да көптеген ірі құрылыс компаниялары жүр. Экономиканың басқа салаларында жұмыс істейтін белгілі әрі танымал мейрамханалар, фитнес-клубтар және әртүрлі компаниялар бар», – деп мәлімдеді премьер.
Премьер-министр салық төлеуден жалтарғандарға екі апта уақыт берді.

Фото көзі: primeminister.kz


adimage