«Қорғаныс министрлігі қайта ұйымдастырылып, оған Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің келесі салалардағы функциялары мен өкілеттіктері беріледі: Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру, басқару және салааралық үйлестіру Әскери-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асыру Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы шеңберінде әскери мақсаттағы тауарларға (өнімдерге), қосарланған мақсаттағы (пайдаланудағы) тауарларға (өнімдерге), әскери мақсаттағы жұмыстарға және әскери мақсаттағы қызметтерге баға қою», - делінген Тоқаевтың күшіне енген Жарлығында.
Сонымен қатар мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігін Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің берілетін функциялары мен өкілеттіктеріне сәйкес құқықтар мен міндеттердің заңды тұлғасы ретінде анықтаған.
«Қазақстан Республикасы Үкіметіне Президент әкімшілігімен келісіп, қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдар мен оларға бағынысты ұйымдардың штаттық санын қайта бөлуді қамтамасыз ету, сондай-ақ Жарлықты іске асыру бойынша басқа шараларды қабылдау тапсырылды», - делінген құжатта.
Тоқаев Жарлықтың орындалуын бақылауды Президент әкімшілігіне тапсырды.
Фото көзі: Ақорданың баспасөз қызметі