Тоқаев IACA президенті Памела Харристі қабылдады

Астана. 27 ақпан. ҚазТАГ — Мемлекет басшысы Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығының (IАСА) президенті Памела Харристі қабылдады, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.

«Мемлекет басшысы Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығының (IАСА) президенті Памела Харристі қабылдады», - делінген хабарда.

Президент құқықтық мемлекет құруда заң үстемдігін қамтамасыз ету мен сот жүйесін реформалаудың шешуші мәнге ие екенін атап өтті.

«Біз «Заң және тәртіп» қағидатын орнықтыруға бағытталған өте маңызды реформаларды қолға алдық. Заң үстемдігі қоғамға дендеп енуге тиіс деп санаймыз. Менің ойымша, бұл еліміздің тұрақтылығы мен өсіп-өркендеуі үшін өте өзекті. Сондықтан Халықаралық қауымдастық Қазақстанмен, еліміздің сот жүйесімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі керек», - деді президент.

Памела Харристің айтуынша, Сот әкімшілігі мен Жоғарғы соттың функцияларын бөлу әлемдік тәжірибедегі анағұрлым тиімді шешімдердің бірі. Ол Ұйымның Қазақстанмен байланысты нығайтуды көздейтініне тоқталып, ұлттық сот әкімшілігі өкілдерінің Қауымдастық жұмысына белсенді қатысқанын айтты.

Кездесуде сот төрелігі жүйесін реформалаудың негізгі аспектілері қарастырылды. Бұдан бөлек, сот органдары арасындағы өзара ықпалдастықты кеңейтуге, сот өндірісінде цифрлық шешімдерді және жасанды интеллектіні қолдану перспективасына баса назар аударылды.

adimage