Алматы. 27 ақпан. ҚазТАГ – Жасөспірім Шерзат Болатты өлтіру туралы қылмыстық істің материалдары сотқа жіберу үшін прокурорға жолданды, деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
«Былтыр 4 қазанда түнде орын алған кәмелетке толмаған баланың өліміне қатысты тергеу амалдары аяқталды. Тараптар ары қарай сотқа жіберу үшін прокурорға жолданған қылмыстық істің барлық материалдарымен танысты», - делінген бейсенбідегі хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, қылмыстық істі тергеу аясында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, шамамен 200 куәгерден жауап алынған, барлық күдіктінің оқиға орнында айтқан жауаптары тексеріліп, процесс қатысушылары арасында беттестірулер, сондай-ақ орын алған қылмысты ашуға бағытталған басқа да амалдар жүргізілді.
«Қылмысқа қатысушылардың барлығына құқықтық баға бере отырып, сегіз бейнематериал зерттелді. Қылмыстық іс көлемі 62 томды құрады, оның ішінде барлық жиналған дәлелдеме, сараптама қорытындысы, жауап алу хаттамасы және басқа да шындықты ашуға көмектесетін маңызды материалдар бар. Барлық тергеу амалдары қылмыстық заңнама талаптарын сақтай отырып жүргізілді, тергеудің барлық кезеңдерінде заңдылық, ашықтық және объективтілік қамтамасыз етілді. Прокурорлар тергеуді бақылауды жүзеге асырды, бұл процеске қатысушылардың конституциялық құқықтарының сақталуына кепілдік береді, - деп хабарлады полиция департаментінен.
Естеріңізге сала кетейік, 4 қазан түні жасөспірім өлімі орын алған еді. Басында полиция адам өліміне қатысушылардың барлығы ұсталды деп мәлімдеді, алайда кейін марқұмның ата-анасы бәрінің бірдей ұсталмағанын жеткізді.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Талғар ауданында жасөспірімнің өліміне қатысты тергеу амалдарының барысын жеке өз бақылауына алғанын айтты. Кейін хабарлағандай, адам өліміне алып келген төбелес ісі бойынша жеті адам екі айға қамауға алынған. Қаза болған жасөспірімнің туыстары 7 қазан күні Талғарда қарсылық білдіріп көшеге шыққан. Сосын марқұмның туыстарының қарсылық білдіргендерінен кейін тексеріс басталғаны хабарланды. 8 қазан күні кешкісін ҚазТАГ Талғар ауданында қаза тапқан жасөспірімнің ісі бойынша жаңа мән-жайлардың белгілі болғанын хабарлады.
Шерзат Болаттың өлімі бойынша іс материалдары сотқа жіберу үшін прокурорға жолданды
