«Шымкентте «Instagram» арқылы заңсыз лотерея ұйымдастырғандар сотталды»
Қала тұрғыны «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заңның талаптарын бұза отырып, тиісті лицензиясысыз, заңсыз пайда табу мақсатында 2 аккаунттан тікелей эфирде «ЛОТО» ойнатқаны анықталды, деп хабарлайды Nege.kz.
Лотерея ұтысы ретінде «Toyota Land Cruiser Prado» маркалы автокөлігі, Samsung, IPhone, Redmi смартфондары, зергерлік бұйымдар және тұрмыстық техника қойылған.
Сонымен қатар, ол лотерея билеттерін сату бойынша белсенді жарнаманы жүзеге асырған (1 данасын – Т5 мың, 3 дана – Т10 мың, 6 дана – Т20 мың, 12 дана – Т40 мың, 30 дана – Т100 мың).
Сатылған билеттерден түскен қаражатты өзінің және туыстарының шоттарына жинаған.
2023 жылғы 10 қыркүйектен 29 қарашаға дейін сатылған билеттерден түскен қаражаттың жалпы сомасы Т96 млн асты.
Сот үкімімен азамат кінәлі деп танылып, оған 1 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.
«Нұртас Адамбай Тоқаев, Путин мен Лукашенкодан кешірім сұрады»
Танымал комедия актері, шоумен, режиссер, продюсер, бүгінде дін жолында жүрген Нұртас Адамбай бірнеше елдің президентінен кешірім сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ең алдымен Нұртас Адамбай мәжіліс депутаты Ринат Заитовтан кешірім сұраған.
«Ақымақтығымның кесірінен бірнеше уақыт бұрын Ринат Заитовты айыптағаным үшін кешірім сұраймын. Елімізді дамытуға қосып жатқан үлесі үшін алғыс айтамын», - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сонымен қатар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан, РФ басшысы Владимир Путиннен, Беларусь басшысы Александр Лукашенкодан, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұраған.
Оның кешірім сұрап жазған мәтіні бірыңғай. Кезінде әлеуметтік желіде президенттер туралы әзіл айтқаны үшін кешірім сұрап, елдің дамуы үшін қосқан үлестерін атап өтті.
Сондай-ақ Адамбай әлеуметтік желі қолданушыларынан да кешірім сұрады.
«СҚО-да жыл басынан бері 529 ірі қарадан бруцеллез анықталды»
Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 529 ірі қара малда бруцеллез ауруы анықталса, соның 91% шаруашылықтарға тиесілі, деп хабарлайды Kaz.inform.kz.
СҚО ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Олжас Болыспаевтың мәлімдеуінше, ветеринарлар жануарлар мен құстардың аса қауіпті 10 ауруына, энзоотиялық 3 ауруға қарсы профилактикалық вакцина егсе, 5 ауруға диагностикалық, 2 ауруға аллергиялық зерттеу, 1 ауру бойынша дегельминтизация жүргізген.
«Жалпы 3 млн-ға жуық манипуляция жасалды. Бұл жұмыс мал-құста түрлі ауруларға қарсы иммунитет қалыптасуы үшін атқарылады. Десек те, биыл зертханалық зерттеу нәтижесі бойынша 6 ауданның 16 елді мекенінде бруцеллезбен ауырған 529 ірі қара мал анықталды, оның ішінде 483 бас немесе 91% ауыл шаруашылығы құрылымдарына тиесілі болса, қалған 46 ірі қара мал ауыл тұрғындарынікі», - дейді Олжас Болыспаев.
«Қазақстандықтар табысының жартысынан көбін азық-түлікке жұмсайды»
Әлемдік рейтингте Қазақстан дамыған елдерден, сондай-ақ әлемнің дамушы экономикаларының көпшілігінен асып, азық-түлікке жұмсалатын шығыс үлесі жоғары елдерге жатады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ұлттық банк мәліметінше, жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің едәуір өсуіне қарамастан, елдегі тұтыну әрекеті өзгеріссіз қалып отыр.
«Халықтың азық-түлікке жұмсалатын шығысының жоғары үлесі Қазақстандағы тұтынудың ерекшелігі саналады. Олардың үлесі елдегі қолайлы экономикалық жағдайға қарай 45%-ға өзгеріп, дағдарыс кезеңдерінде 50%-дан асып түседі. Соңғы деректер бойынша азық-түлікке жұмсалатын шығыс үлесі жиынтық шығыстың 50%-дан астамын алады», – деп жазылған Ұлттық банк талдауында.
Фото көзі: kremlin.ru және tengrinews.kz