Елімізде қант саласын дамыту жөнінде үкімет депутаттарға не деді

Астана. 24 қазан. ҚазТАГ – Премьер-министр Олжас Бектенов қант саласына қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.

«Қант саласын дамыту жөніндегі 2022 – 2026 жылдарға арналған кешенді жоспар шеңберінде қант зауыттарының технологиялық жабдықтарын жаңарту және кеңейту, жаңа инновациялық қант зауытын салу көзделген. Қант зауыттарын шикізатпен қамтамасыз ету үшін қант қызылшасының егістік алқаптарын жыл сайын орташа есеппен 6,5 мың гектарға ұлғайтып, 38 мың гектарға дейін жеткізу көзделген», - деп мәлімдеді Олжас Бектенов.

Оның хабарлауынша, жоспарға сәйкес қант зауыттарының технологиялық желісін жаңарту және өндірісті автоматтандыру үшін 2028 жылға дейін қаржыландыруға жалпы қажеттілік Т57,4 млрд құрайды.

Сонымен қатар премьер Жамбыл облысында Меркі қант зауытының қуаттылығын 3 мыңнан 4 мың тоннаға кеңейту және Тараз қант зауытында қант қызылшасын өңдейтін технологиялық жабдықтарды орнату үшін техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеу жұмыстары жүргізіп жатқанын, Жетісу облысында Ақсу қант зауытын жаңғыртуға Т11,4 млрд жуық қаражат инвестицияланғанын атап өтті.

Ол сондай-ақ, Ақсу қант зауытының негізгі жабдықтарына жөндеу жүргізу үшін облыстық бюджеттен Т3,3 млрд бөлінген, жөндеу жұмыстарын биылғы қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда дейді.

«Ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін Жамбыл облысының Шу қаласындағы «Qazsugar CO» ЖШС қуаттылығы жылына 130 мың тонна болатын заманауи жоғары технологиялық қант зауытын салу жобасын пысықтауды жүргізуде. «Qazsugar CO» ЖШС мен Түркияның ірі қант өндірушісі – Anadolu Birlik Holding A.S. арасында жобаны іске асыру жөніндегі бірлескен қызмет туралы меморандум жасалды», - деп хабарлады үкімет басшысы.

Премьер-министрдің айтуынша, ағымдағы жылы қант қызылшасының егіс көлемі 25,2 мың га құрады, жалпы жиналатын көлем шамамен 1 млн 100 мың тонна болады деп күтілуде. Меркі қант зауытында 450 мың тонна, Көксу зауытында 250 мың тонна, Ақсу зауытында 400 мың қант қызылшасын қабылдау және оны өңдеу жоспарлануда.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ «Ақсу Қант» ЖШС-ның айналым қаражатын толықтыру үшін Т15 млрд-қа өтінімді мақұлдады. Меркі қант зауытын Т9 млрд сомасына қаржыландыруға берілген өтінім қарастырылуда. Қант қызылшасын жұмыс істеп тұрған зауыттарға жеткізу тиімділігін арттыруда ауыл шаруашылығы министрлігі қаржы министрлігімен бірлесіп қосымша қаражат бөлу мәселесін пысықтауда», - деді Бектенов.

Үкімет басшысы сондай-ақ қант қызылшасын қабылдау мен сақтау қант зауыттары жанындағы ашық алаңдарда жүзеге асырылатыны айтты.

«Бүгінгі таңда агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидалары шеңберінде қызылша қабылдау пункттерін құру немесе жаңғырту үшін жағдайлар жасалған, оған сәйкес шығындарды 25% мөлшерінде субсидиялау жүзеге асырылады», - деді премьер.

Фото көзі: pixabay.com


adimage