Қазақстанда бэби-бум аяқталды ма?, Бапи Бектеновті ЕАЭО озбыр талаптарын қайта қарауға шақырды және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 15 қаңтар. ҚазТАГ – Қазақстанда бэби-бум аяқталды ма?, Бапи Бектеновті ЕАЭО озбыр талаптарын қайта қарауға шақырды және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Қазақстанда жемқорлардың жария тізімі пайда болуы мүмкін

Парламентте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар талқыланып жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz.

«Сыбайлас жемқорлардың жария тізілімін енгізу. Бұл – профилактикалық құрал. Оның басты мақсаты – қоғамдық мін тағумен, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру. Тізілімде ауыр немесе аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін сотталғандар туралы мәліметтер қамтылатын болады. Соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі тізілімге енгізуге негіз болмақ. Тізілімінен ақтау үкімінің заңды күшіне енуі және соттылықтың өтелуі негізінде шығару мүмкін болады. Тізілім агенттіктің сайтында орналастырылады. Тізілімді жүргізуді агенттікке бекіту көзделіп отыр», - деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылы агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов.

Қазақстанда бэби-бум аяқталды ма? Туу көрсеткіші төмендеді

2024 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында елде 278 мың 698 бала дүниеге келді. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,2%-ға (290 мың 894) аз, деп хабарлайды «Курсив».

Статистика бюросының мәліметінше, туу коэффициенті 1 мың адамға шаққанда 18,47-ні құрады. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 19,54 болған. Керісінше өлім коэфиценті 2024 жылдың 9 айында жоғарырақ – 6,59. 2023 жылдың 9 айында коэфицент 6,46-ны құраған.

Пандемиямен байланысты болған бэби-бумнан кейінгі туу көрсеткішінің төмендеуі елдің барлық 20 өңірінде байқалады. Төмендеу көрсеткіші Алматыда 1,1%-дан Солтүстік Қазақстан облысында 7,9%-ға дейін ауытқиды.

«Депутат миллион теңгеден аспайтын мобильді аударымдар жасаған қазақстандықтарға тиіспеуді ұсынды»

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қазақстандағы мобильді төлемдерді толық бақылаудан бас тартуды ұсынды, деп хабарлайды Stan.kz.

Депутаттың пікірінше, миллион теңгеден асатын аударым жасайтындар ғана бақылануы керек. Ол үкімет әзірлеп жатқан экономиканы реформалау туралы құжатқа бірқатар нормаларды енгізуді ұсынды.

«Салық саясатын тұрақтандыру шеңберінде сараланған мөлшерлемелерді енгізуден және бөлшек салықты төмендетуден басқа, ШОБ есептері мен тексерулерімен байланысты емес патенттік режимді қолдануды кеңейтуді ұсынамыз. Мобильді төлемдерді толық бақылаудан бас тарту, микробизнес деңгейінде критерийлер енгізу, айына 1 млн теңгеден астам аударымдар үшін ғана мобильді аударымдар бақылануын ұсынамыз. Сондай-ақ ұлттық банктің базалық мөлшерлемесін неғұрлым батыл төмендету және банк нарығын монополиядан шығару қажет. Бүгінде алты ірі ЕДБ барлық активтің 67%-ын (үштен екісі) бақылайды. Бұл қалыпты емес. Бәсекелестікті қамтамасыз ету үшін ірі банктерді бөлшектеу мәселесін қарастыру қажет», – деді мәжілісмен.

Бапи Бектеновті ЕАЭО озбыр талаптарын қайта қарауға шақырды

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи премьер-министр Олжас Бектеновке отандық кәсіпкерлерді Еуразиялық экономикалық одақтың озбыр талаптарынан қорғауға шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мәжілісменнің айтуынша, сайлаушылармен өткен кездесуде отандық тауар өндірушілер нарық дағдарысына тап болғанына тағы көз жеткізген. Өндірілген тауарды өткізу проблемасына душар болған отандық компаниялар өндіріс көлемі мен жұмыс орындарын қысқартуға мәжбүр болған.

«Былтыр күзде үкіметте үлкен отырыс өткізіп, елдік мүддеге қызмет ететін кәсіпкерлерді қолдау жөнінде арнайы қаулы қабылдағаныңыз есімізде, премьер-министр мырза! Бірақ отандық бизнесті қолдау жөніндегі іс-қимылдың елдік науқанын, мемлекеттік бас медиадағы жылт өткен жарнамасын көрмедік. Жым-жырт. Бюджет тапшылығы тартып отырған елде отандық тауар өндіруші бизнеске салықтық жеңілдік жасау керек деп, ретсіз талап қоя алмассыз. Бірақ бұл арада экономикаға несие беруші қаржы институттары, кредитормен арада жасалған несиелік келісімшартта өндірісті жабдықтаушы өнімнің кемі 50%-ы отандық тауар өндірушілерден сатылып алынуы керек деген талап қою – қолдау болар еді. Жоқ, тағы да жым-жырт тыныштық! Бірақ отандық бизнес жым-жырт тыныштықта емес. Олардың жаны шиқылдап, үкіметтің қауқарлы қаулысын күтіп, өлмес күннің босағасында отыр», – дейді Ермұрат Бапи.

Фото көзі: kazpravda.kz


adimage