Қазақстанда алқабилердің қатысуымен қаралған істер саны екі есеге көбейген

Астана. 21 қазан. ҚазТАГ – Қазақстан соттары 2024 жылдың тоғыз айында алқабилерінің қатысуымен былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп іс қараған, деп хабарлады Жоғарғы соттың баспасөз қызметінен.

«Баяндамашы алқабилер соттылығының кеңеюіне байланысты олардың қатысуымен қаралған қылмыстық істердің екі есеге ұлғайғанын, шешім қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету және сот қателерін азайту үшін ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босату және бас бостандығынан айыруды неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыру туралы өтінішхаттар беруді пысықтау жұмыстары қолға алынғанын айтты», - делінген хабарда.

Есепте бақылау құрылғыларын қолданудың 4 есеге өскені туралы айтылды: 2023 жылы электронды білезіктермен үйқамаққа алу үшін 68 адамға (үйқамақтағылардың 20%), ал 2024 жылы – 263 ұсталған адамға (60%) санкция берілген.

Қосымша, оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қаралған істердің көбейгенін, тұрғын үй, жер, еңбек және сақтандыру даулары бойынша сот қателерінің азайғанын атап өтті. Әкімшілік талап қоюлардың өсуіне қатысты (3,3%) мемлекеттік басқару сапасын арттырудағы реформаның тиімділігі сөз болды.

adimage