Тэтчердің Назарбаев сыйлаған ордені сатылымға шықты, Саран қаласының жылу мәселесі және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 21 қазан. ҚазТАГ – Тэтчердің Назарбаев сыйлаған ордені сатылымға шықты, Саран қаласының жылу мәселесі және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Еліміздегі оқушылардың 80%-ның көзі нашар көреді

Қазір мектептегі балалардың 70-80%-ның көру қабілеті нашар, деп хабарлайды El.kz.
Қазақстандық офтальмологтардың айтуынша, қазір ата-аналар балаларын алдыңғы парталарға отырғызуға тырысады. Өйткені перзенттерінің көзі нашар көреді. Мамандар бұл гаджедтердің әсерінен болуы мүмкін екенін алға тартады. Себебі мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар электронды құрылғыларға әуес.

Осының салдарынан көбінде миопия және амблиопия сырқаттары пайда болады. Мамандардың айтуына сүйенсек, баланың көру қабілеті туғаннан бастап 6-7 жасқа дейін дамиды. Сондықтан осы уақытта баланың денсаулығына мұқият мән берген жөн.

Назарбаев Маргарет Тэтчерге сыйлаған «Достық» ордені сатылымға шықты

Қазақстанда Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Маргарет Тэтчерге берілген «Достық» ордені британдық интернет-дүкеннің сайтында сатылымға шығарылды, деп хабарлайды Nege.kz.

Британиялық платформада қазақстандық орден 12 500 фунт стерлингке (Т7,8 млн астам) бағаланып отыр. Бұл орден Маргарет Тэтчерге 2001 жылы Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесі үшін табысталған.
«Асыл тастармен көмкерілген төсбелгі жұлдызша пішінді, лента орден белгісімен бірге көк түсті матамен, ақ атласпен қапталған, «Достық» жазуы бар, түпнұсқа қорапта корольдік көк барқыт астарға салынған», - деп хабарландыруда сипатталған.

Чехия Қазақстанға тағы 40 бас жылқы тұқымын бермек

Премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Чех Республикасының сыртқы істер министрі Ян Липавский кездесті, деп хабарлайды Baq.kz.

Чехия министрінің айтуынша, ғылым саласындағы бірлескен жұмыстар нәтиже беруде.

«Бүгінгі кездесу кезінде ғылыми зерттеу, бизнес байланыстарды дамыту мәселесінде әріптестікті нығайту туралы келісімге келдік. Сондай-ақ, Астанада Чех және Қазақстан Республикаларының арасында бірлескен зерттеу институтын құрмақшымыз. Пржевальский жылқысының тұқымын Қазақстанда жандандыру жобасының сәтті іске асырылып бастағанын атап өткім келеді. Бұл жылқы тұқымы Қазақстанда да танымал болады деп үміттенемін. 2024 жылдың шілде айында Прагадан Қазақстанға алғашқы жеті жылқы жіберілген. Келесі жылы 30-40 бас жылқы тағы жіберу жоспарлануда. Біз Қазақстандағы жылқы тұқымын түрлендіруге көмектесеміз, керқұландарды Қазақстанға оралтамыз деп үміттенеміз», - деді Ян Липавский сыртқы істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Жылусыз қалған Саран қаласы резервтік жүйеге қосылған

Қыс басталмай жатып жылу жүйесі істен шыққан қаланың басшылығы үйлерді резервтік жүйе арқылы жылытпақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Мен қала тұрғындарының наразылығын түсінемін. Жағдай тұрақтанғаннан кейін біз міндетті түрде жауапты әрбір адамның іс-әрекетін талдап, бағалайтын боламыз», – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Саран қаласының басшысы Еркін Баулықовтың айтуынша, қаладағы барлық үйлер резервтік жылумен жабдықтау жүйесіне қайта қосылған.

«Барлық жергілікті жылу көздері іске қосылды. Бір орам жұмыс істеп тұрған қазандыққа қайта қосылды. Барлық жылу көздерінде қажетті отын қоры бар. Қосымша көмір тасымалдау қамтамасыз етілді. Қазандықтарда жұмысшылар да жеткілікті. Орталық жылу көзін пайдалануға бергенге дейін қаланы жылумен жабдықтау резервтік жүйе арқылы қамтамасыз етіледі», – деді ол.

Фото көзі: Ашық дереккөз


adimage