Жыл соңында Ұлттық қор қаржысы азаяды, Жанар Айжанованың Талғардағы Хасан туралы пікірі және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 18 қазан. ҚазТАГ – Жыл соңында Ұлттық қор қаржысы азаяды, Жанар Айжанованың Талғардағы Хасан туралы пікірі және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

«Хасан деген бәле болды»: Жанар Айжанова өзін мазалағандарға үн қатты

Танымал әнші Жанар Айжанова әлеуметтік желідегі оқырмандар Талғардағы «Хутор» деп аталатын банданың басшысы деп жүрген Хасан Қасымбаевпен түскен суретіне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Хасан деген бәле болды. Желкемнен келіп суретке түскен екен, мен енді арқамнан суретке түскен адамдарға жауап беріп отырмайтын шығармын. Маңдайында не деп жазулы тұрғанын қайдан білейін. Түссе анау, түспесе көкірек деп айтасыңдар. Құдіреттерің жетсе, сол Хасанды барып қол-аяғын байлап, менің алдыма әкеліңдерші.

 «Жазығым жоқ, үш баланың әкесімін, өзіммен-өзім шаруашылықта жүрген адаммын» деп, сұхбат беріп, сайрап отыр ғой. Айтатынымды оған да айтамын. Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қазаның маған не қатысы бар?! Сендер айтқаннан кейін біліп жатырмын оның Хасан екенін. Бір томпиған бала артымда тұр. Ол қай жылы түскен сурет, қай жерде түсірілген? Қасында тағы басқа да әншілер тұр», – деді әнші.

Айта кетсек, бұған дейін әлеуметтік желіде әнші Жанар Айжанова мен Хасан Қасымбаевтың бірге түскен суреті тараған болатын.

Жыл соңында Ұлттық қор қаржысы тағы Т2 трлн азаяды

Ұлттық қор қаржысы 2024 жылдың соңына дейін тағы Т2 трлн азаяды. Үкімет қор бюджетін нысаналы трансфертке жұмсамақ, деп хабарлайды Stan.kz.

Қазақстандық шенеуніктер Ұлттық қор қаражатын өңірлердегі инфрақұрылымды жақсартуға бағытталатынын айтады. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, ақша облыстарды дамытуға құйылған соң экономикалық өсім болады. Сондай-ақ қор қаражаты мұнай өндірісі есебінен үздіксіз толықтырылып тұрады.

«Қазір Ұлттық қор тікелей өз қызметін атқарып жатыр. Яғни, ахуалды тұрақтандырып отыр. Сондықтан, біз осы мүмкіндікті пайдаландық. Себебі, біз де өңірлердегі мәселелерді реттеп, міндеттемелерімізді жабуымыз қажет. Ал бюджет түсімі мен кірісін тұрақтандыру үшін екі жылдай уақыт керек. Осы 2-3 жылда жағдайды тұрақтандыруға тырысамыз. Осылайша, 2026-2027 жылдары Ұлттық қордан нысаналы трансферттер тартылмайды», – дейді министр Нұрлан Байбазаров.

Шенеуніктер айтуынша, бюджет әлеуметтік бағытқа бағдарланғандықтан Ұлттық қордан қаржы алуға мәжбүр. Қаражаттың 60%-ы денсаулық сақтау, жұмыспен қамту сияқты секторларды қаржыландыруға, әлеуметтік төлемдерді өтеуге кетеді.

«Сандық сәйкестендіру: емханалар қызметтердің ашықтығын арттырады»

Емханаларда пилоттық режимде енгізілген пациенттерді сәйкестендіру жөніндегі цифрлық тетіктер медициналық қызметтерді қосып жазу мүмкіндігін төмендетуге мүмкіндік берді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Бүгінгі таңда маманға баруды растау тетігі 600-ден астам маманды тарта отырып, елорданың 37 медициналық нысанында іске асырылды.

Бұл ретте емханаларда дәрігердің қабылдауында болған 49 265 пациенттің 85%-ы Face ID тетіктері мен «Цифрлық құжат» сервисінің көмегімен сәйкестендіруден өтті.

«Осы жылдың соңына дейін пилоттық жоба Астанада нәтижелерін көрсетеді, ал 1 қаңтардан бастап бүкіл республикада кезең-кезеңімен көбейту жоспарлануда. Бұл қосып жазуды төмендететін тиімді құрал болады. Биометриялық сәйкестендіру жүйесі көрсетілген қызметтерді дәл тіркеуді қамтамасыз етеді, бұл пациенттердің келуі туралы жалған есептерге жол бермейді және тиісінше бюджет қаражатының да, сақтандырылған азаматтардың да жарналарының мақсатсыз жұмсалуының алдын алады», - деді денсаулық сақтау министрлігінде.

Шерзаттың өлімі. Тағы бір күдікті ұсталды

17 қазанда кәмелетке толмаған Шерзат Полатты өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу барысында тағы бір күдікті – К. есімді азамат ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған жедел-тергеу іс-шаралар кешенін жүргізу жалғасуда. Тергеу барысы ішкі істер министрінің бақылауында», – делінген Алматы облысы полиция департаментінің хабарламасында.

Фото көзі: Ашық дереккөз


adimage