Бектенов тұрмыстық қалдықтар мәселесі бойынша депутаттарға не деді

Астана. 18 қазан. ҚазТАГ – Премьер-министр Олжас Бектенов тұрмыстық қалдықтарға қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.

«Экология және табиғи ресурстар министрлігі қалдықтарды басқару саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда (қоқыс өңдеу зауыттарын салу, сұрыптау желілерін іске қосу және қоқыс таситын көліктерді сатып алу және тағы басқа). Министрлік кредит беру мерзімі 3 жылдан 15 жылға дейін және пайыздық мөлшерлемесі 3% болатын «Жасыл даму» АҚ-ның қаражаты есебінен жобаларды қаржыландырудың жеңілдікті тетігін бекітті. Бөлінетін қаражаттың жалпы сомасы 3 жылға шамамен Т185 млрд. Жобаны іске асыру кезінде инвестор салған меншікті қаражат сомасы шамамен 20%-ды құрайды», - деп мәлімдеді Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта жеңілдікті қаржыландыру шеңберінде Т232 млрд сомасына 94 жобадан тұратын пул қалыптастырылды, оның ішінде қалдықтарды қайта өңдейтін жаңа кәсіпорындар құру бойынша Т144 млрд сомасына 37 жоба.

Премьердің мәліметінше, министрлік қалдықтарды жинаумен, тасымалдаумен және қайта өңдеумен айналысатын мамандандырылған кәсіпорындар үшін «EcoQolday» субсидиялау бағдарламасын іске қосты.

«Биылғы жылы «EcoQolday» бағдарламасын іске асыруға «Жасыл даму» АҚ-ның кәдеге жарату алымының қаражаты есебінен Т7,6 млрд бөлу жоспарлануда. Төлемдер жиналған және қайта өңделген қаптаманың, автокомпоненттер мен электрондық/электр жабдығының әрбір килограмы үшін жүргізіледі», - деп хабарлады үкімет басшысы.

Бұл шаралар қалдықтарды қайта өңдеуді ынталандыруға және қайталама шикізатты қабылдау пункттерінің санын көбейтуге мүмкіндік береді.

Бектенов аудандық деңгейде экологиялық инспекция ашу мәселесі бойынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес штат санын ұлғайту орындалатын міндеттерді, функционалдық ерекшеліктерді, мамандар лауазымдарының біліктілік сипаттамаларын ескеріп, кешенді пысықтау жүргізуді, сондай-ақ республикалық бюджет комиссиясында қарауды талап ететінін атап өтті.

«Бұл мәселе жан-жақты талдау жүргізудің қорытындысы бойынша пысықталатын болады», - деді ол.

Айта кетсек, сенат депутаттары экологиялық ахуалды жақсарту мәселесі бойынша үкіметке жолдаған сауалында экологиялық мәселелерді ескере отырып, қатты тұрмыстық қалдықтарды басқарудағы проблеманы шешу үшін, төмендегі ұсыныстарды қолдауды сұраған:

1. Қалдықтарды сұрыптауға және өңдеуге арналған зауыт салудағы бизнес жобаны республикалық (облыстық) бюджеттен субсидиялау;

2. Пластикалық ыдыстар мен бұйымдарды қабылдау пунктерін ашу тетігін қарастыру;

3. Қоршаған ортаның тазалығын қорғап, қамтамасыз етуге аудандық деңгейде жауапты құзырлы орган – экологиялық инспекция ашу.

Фото көзі: primeminister.kz


adimage