Жеңіс күніне орай арнайы рәсімделген пойыз Астанадан Павлодарға жолға шықты

Астана. 6 мамыр. ҚазТАГ – Жеңіс күніне орай арнайы рәсімделген пойыз Астанадан Павлодарға жолға шықты, деп хабарлады «Қазақстан темір жолы» АҚ баспасөз қызметінен.
«9 мамыр қарсаңында Астанадан Павлодарға Жеңіс күніне орай арнайы рәсімделген №7502 электр пойызы жолға шықты. Безендірілген электр пойызы соғыс жылдары бейбітшілік үшін құрбан болған қазақ жауынгерлерінің ерлігін еске алуға арналған», – делінген дүйсенбідегі хабарда.
Ақпарға сәйкес, құрам Жеңіс лентасының және Ұлы Отан соғысының батырлары Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Қасым Қайсенов, Талғат Бегелдинов және басқалардың суреттерімен безендірілген. Мереке құрметіне жолсеріктер жолаушыларды салтанатты формамен қарсы алды.
«Жолаушылар «Жеңіс пойызының» алдында суретке түсіп, лебіздерін білдірді. Жыл сайын «Жолаушылар тасымалы» АҚ мерекеге сәйкес пойыздарды безендіріп, жолаушылардың сапарын ерекшелендіруге қызмет етеді», – делінген хабарда.

adimage