Тоқаев ЮНЕСКО-ның Бас директорын қабылдады

   Астана.7 маусым.ҚазТАГ- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азулені қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
   «Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азулені қабылдады.
Сонымен қатар Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы мәдени және тарихи мұраларды сақтау, білім және ғылым саласындағы халықаралық байланыстарды кеңейту ісіндегі ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
   Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Одрэ Азулеге ілтипат білдіре отырып, оның ЮНЕСКО Бас директоры ретіндегі көшбасшылығын жоғары бағалайтынын, сондай-ақ ұйымды одан әрі нығайтуға бағытталған қызметіне қолдау көрсететінін атап өтті»,- делінген сәрсенбі күнгі хабарламада.
   Кездесу басында Одрэ Азуле Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Бурабай» және «Марқакөл» қорықтары биосфералық резерваттардың жаһандық желісіне, сондай-ақ «Ортеке» музыкалық-қуыршақ өнері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгенін растайтын сертификаттарды табыстады.
   «Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін аса маңызды. ЮНЕСКО біз үшін ерекше ұйым әрі басымдыққа ие. Біз осы өзара қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз», – деді Президент.
   ЮНЕСКО-ның Бас директоры Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларға, соның ішінде азаматтық қоғамды нығайтуға, білім және мәдениет саласын дамытуға қатысты бастамаларына жоғары баға берді.
  «Менің Қазақстанға жасаған сапарым Сіздің еліңіздегі маңызды стратегиялық кезеңмен тұспа-тұс келді. Сіз ауқымды реформа жүргізіп жатырсыз. Бұл істе сіздің президенттік мандатыңыз шешуші рөл атқаруға тиіс», – деді Одрэ Азуле.

adimage