«Элитада Бишімбаевтың «көшірмелері» көп», Қостанай облысындағы мал шығыны және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 25 сәуір. ҚазТАГ – «Элитада Бишімбаевтың «көшірмелері» көп», Қостанай облысындағы мал шығыны  және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

«Екі жолаушы «Қазақстан темір жолынан» Т500 мың талап еткен»
Атырау-Ақтөбе бағытындағы пойыздың лас вагонын видеоға түсірген екі жолаушы полицияға арызданып, сотта өздерінің құқықтарын қорғаған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырау-Ақтөбе пойызының екі жолаушысы пойыз тазалығына шағымданып, полицияға арызданған. Сонымен қатар, орындарын немесе вагондарын ауыстыруды сұраған өтініштері жолсеріктерден қолдау таппаған. Арызданушылар бұл жағдайды да ескеріп, «Жолаушылар тасымалы» АҚ-дан моральдық зиян үшін Т500 мың талап еткен.

Сот екі жолаушының талабы орынды деген ұйғарымға келіп, жауапкер екі талапкерге моральдық шығын келтіргені үшін әрқайсысына Т50 мың төлеу міндеттелді.

«Павлодар аумағында заңсыз күзет қызметі тоқтатылды»
Павлодар облысында полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі жедел уәкілдері қаланың ойын-сауық мекемелерінде рұқсат құжаттарынсыз қауіпсіздікті қамтамасыз ету және фейс-бақылау бойынша заңсыз күзет қызметін жүзеге асырған Павлодар қаласының тұрғындарын анықтап, ұстады, деп хабарлайды Nege.kz.

«Тергеу барысында қатысушылардың қаланың 12 ойын-сауық орындарында заңсыз күзет қызметін ұйымдастырғаны анықталды. Онда олар маргиналдық жастар қатарынан, спорттық дайындықтан өткен, біліктілік талаптары жоқ, күзет ретінде жұмысты жүзеге асыру үшін жас жігіттерді жинаған, еңбек шарттары жасалмаған. Заңсыз күзет қызметі фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - деді Павлодар облысы ПД ҰҚҚКБ бастығы Ғабит Қабдрахманов.

«Элитада Бишімбаевтың "көшірмелері" көп – психолог»
Қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қызу талқыланып жатқаны белгілі. Отбасы мәселелері жөніндегі танымал психолог Ержан Мырзабаев элитаның ішінде мұндай жайттар бар екенін ашық айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, танымал адамдардың жұбайлары психолог көмегіне жиі жүгінеді.
«Бишімбаев кейсі бір болатын жағдай ма, әлде элитаның ішінде де мұндай жағдай жиі болып тұра ма?», деген сауалға психолог отбасылық мәселемен жүгінетін элиталы клиенттері бар екенін жасырмады.

«Элитаның өзінде мұндай жағдай өте көп болады. Элитаның ішінен клиенттерім бар, әйел кісілер. Отбасында күйеуімен болып жатқан жағдайды естіген кезде шашыңыз тік тұрады. «Күнде теледидардан көріп жүрмін ғой, мынау ма?», дейсіз. «Мынау ма, бәрі таниды ғой», дейсіз. Тек элита мұны жасырады», - дейді психолог.

«Қостанай облысында мал шығыны үшін Т113 млн өтемақы берілді»
Қостанай облысында су тасқыны салдарынан 981 бас төрт түлік арам қатқан. Бүгінде 780 бас малдың бағалау есебі дайындалып, иелеріне Т113 млн астам қаражат төленген, деп хабарлайды Kaz.inform.kz.

Төлемдер Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген су тасқынынан шығын болған ауыл шаруашылығы жануарларының құнын өтеу жөніндегі алгоритмге сәйкес жүзеге асырылады.

«Малдардың кімге тиесілі екенін анықтау қажет болған жағдайда үш куәгерді тарта отырып, ауыл шаруашылығы жануарының су тасқынынан болғаны туралы комиссиялық акті және утилизация туралы акті жасалады. Сондай-ақ мал өлексесі бар болып, бірақ құлағында сырғасы болмаса немесе мал өлексесі табылмаса, «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» базасында тіркелмеген болса өтемақы басқа қаржы көздерінен қамтамасыз етіледі», - деді Қостанай облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Бекет.

Фото көзі: КазТАГ/©Алена Субботина


adimage