Түркістанда ауыл шаруашылығы техникалары құрастырылады

Түркістан. 30 мамыр. ҚазТАГ - Түркістан облысында Өзбекстандық инвесторлармен бірлесіп ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру жобасы қолға алынуда. Бұл жөнінде көрші мемлекет өкілдерінің аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеевпен кездесуінде белгілі болды.
Кездесу барысында Түркістан облысының әкімдігі мен «Узагротехсаноатхолдинг» АҚ және «Orbis Kazakhstan» компаниялары арасында инвестициялық келісім мен жол картасына қол қойылды.
Өзбекстанның «Узагротехсаноатхолдинг» мемлекеттік компаниясы қазақстандық «Orbis Kazakhstan» компаниясымен бірлескен жобаны «Turkistan» индустриалды аймағындағы «Brownfield» өндірістік алаңында жүзеге асыруға ниетті.
Кездесу барысында белгілі болғандай, жоба 3 кезеңде іске асырылады. Инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 12 млн.АҚШ долларын құрайды. Жоба толыққанды іске көшкенде100-ге жуық жұмыс орны ашылады.
Инвесторлар кең қолданысқа ие болатын ауыл шаруашылығы техникаларын өндіруді жоспарлауда. Мәселен, әмбебап-жер айдау тракторы, мақта шаруашалығына арналған трактор, олардың тіркемелері мен роторлы орақтар, су бүрку желдеткіштері, соқа және басқа да техникаларын құрастыру көзделген.
Сонымен қатар, «Узагротехсаноатхолдинг» АҚ қазақстандық мамандарды оқыту мен біліктілігін арттыруды, техникалық персонал үшін тәжірибелік тренингтер жүргізуді өз мойнына алып отыр.
Ал, отандық «Orbis Kazakhstan» компаниясы Қазақстан Республикасының аумағында ауыл шаруашылығы техникасын сату үшін дилерлік және сервистік желіні дамытатын болады.
Кездесу барысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев мұндай жобалардың екі ел үшін де маңыздылығын және өзара тиімді ынтымақтастықтың үлгісі болып табылатынын атап өтті.
«Ауыл шаруашылығы техникасының тозуын ескерсек, бұл жобаның өзектілігі даусыз. Еліміз бойынша 185 мың бірлік техниканың 76 пайызы, облыста 19 мың бірлік техниканың 83 пайыз ы тозған. Мемлекет өз тарапынан инвестициялық субсидиялар, фермерлерге жеңілдікпен несиелер, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін субсидиялар, сондай-ақ инфрақұрылым жүргізу түрінде көптеген мемлекеттік қолдау шараларын ұсынып келеді. Біздің тарапымыздан сіздерге қолдау және толық ақпарат беріледі», - деді Өмірзақ Естайұлы кездесу барысында.

adimage