Шымкентте полиция қызметкерлерінің атын жамылған күдіктілер 10 жылға сотталуы мүмкін

Шымкент. 26 сәуір. ҚазТАГ — Шымкентте полиция қызметкерлерінің атын жамылған күдіктілер 10 жылға сотталуы мүмкін, деп хабарлады ішкі істер министрлігінің ресми интернет-ресурсынан.
«Шымкентте ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлінісінің қызметкерлері қала тұрғындарына күш қолдану арқылы үлкен көлемдегі қаражатты ашық түрде иемденген үш ер адамды ұстады. Қаскүнемдер полиция қызметкерлерінің атын жамылып, тұрақты түрде ақша бопсалаумен айналысып, “қорғауға” аламыз деп, ай сайын төлем талап еткен. Күдіктілердің бірінен полиция қызметкерінің жалған қызметтік куәлігі тәркіленді. Ал екінші күдікті алаяқтық үшін бұрын сотталған болып шықты. (…)Қаскөйлер 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Алекешев атап өткендей, мұндай әрекеттер өз міндеттерін адал атқаратын ішкі істер органдары қызметкерлерінің беделіне нұқсан келтіреді. Сондықтан оларға қатаң түрде тосқауыл қойылатын болады.
«Күдіктілердің барлығы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бопсалау, тонау және билік өкілі атағын өз бетінше иемденіп алу фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір олардың осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», – деді Алекешев.

Фото көзі: Ашық дерек көздерінен


adimage