Шымкентте алаяқтық жасағаны үшін нотариус төрт жылға сотталды

   Шымкент. 17 сәуір. ҚазТАГ- Шымкентте алаяқтық жасағаны үшін нотариус төрт жылға сотталды, деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі.
   «Сот алаяқтық фактісі бойынша нотариусты 4 жыл бас бостандығын шектеуге, ал оның сыбайластарын 3 жылға және 3 жыл 9 ай мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сот талқылауы барысында жеке нотариус «A» жәбірленушілердің сеніміне кіріп, олардың осал жағдайын және қызметтік өкілеттігін өз пайдасына қолданып, несие немесе кепіл шартын жасаудың орнына сатып алу-сату шартын куәландырғаны анықталған. Кейіннен ол үшінші тұлғаларға меншік құқығын бекітіп, Шымкент қаласының әділет органдарына тіркеу туралы келісімді заңсыз жіберген», — делінген сәрсенбі күнгі хабарламада.
   Қылмыстық іс бойынша 9 жәбірленушіге 47 миллион теңге көлемінде шығын келтірілген.
   Бақылаушы орган Шымкент қаласының тұрғындарынан нотариустардың қатысуымен жылжымайтын мүлікке құжаттарды ресімдеу кезінде абай болуды, қажет болған жағдайда заңгерлерден кеңес алуды сұрайды.

Фото көзі: pixabay


adimage