ҚР Ұлттық банкі сәуір айының қорытындысы бойынша 1 млрд АҚШ долларына валюта сатты

   Астана. 2 мамыр. ҚазТАГ- Валентина Владимирская. ҚР Ұлттық банкі 2024 жылы сәуір айының қорытындысы бойынша 1 млрд АҚШ долларына валюта сатты, деп хабарлайды Ұлттық банк.
   «Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін сәуірде 1 056 млн АҚШ долларына валюта сатылды»,- делінген бейсенбі күнгі хабарламада.
   Сәуір айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1,1%-ға, яғни 1 АҚШ доллары үшін 442,05 теңгеге дейін нығайды. Қазақстан қор биржасында сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 225 млн АҚШ долларынан 234 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 15,1 млрд АҚШ долларын құрады.
Сонымен қатар, Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 21%-ын және күніне 48 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерді құрады.
   Ұлттық Банк сәуірде БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында биржадағы сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жалғастырды. Оның жалпы сомасы 500 млн АҚШ долларын немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 10%-ын құрады.
Ұлттық Банк сәуірде валюталық интервенциялар жүргізген жоқ.
Республикалық бюджетке трансферттер бөлуге Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша 2024 жылғы мамырда Ұлттық Банк Ұлттық қордан 750 млн АҚШ долларынан 850 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылуын күтеді.
2024 жылғы мамырда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін 450 млн АҚШ долларынан 500 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатып алу көзделген.

Фото көзі: pixabay.com


adimage