Полиция мопедтерді тіркеуге қатысты мәлімдеме жасады, Ақтөбедегі перзентханада жаңа туған сәбиді сатып жіберген және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 20 қаңтар. ҚазТАГ – Полиция мопедтерді тіркеуге қатысты мәлімдеме жасады, Ақтөбедегі перзентханада жаңа туған сәбиді сатып жіберген және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Мектептер мен колледждерде «111» байланыс орталығының QR-кодтары іске қосылды

Мектептер мен колледждерде «111» байланыс орталығына қолжетімділікті арттыру үшін арнайы QR-кодтар енгізілді. Бұл орталық отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауда құқықтық, ұйымдастырушылық және психологиялық көмек көрсетеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Енді «111» нөміріне қоңырау шалу мүмкіндігінен басқа, балалар мен олардың ата-аналары QR-кодтар арқылы сұрау жібере алады. Олар барлық білім беру ұйымдарында, балалар үшін қолжетімді орындарда, сондай-ақ автобус аялдамаларында орналасқан.

«Бұрын балалар байланыс орталығына телефон арқылы ғана хабарласа алатын, ал енді олардың QR-кодтар арқылы сұрау жіберу мүмкіндігі бар. Бұл қолдауға жүгіну процесін айтарлықтай жеңілдетеді, оны неғұрлым ыңғайлы және қолжетімді етеді. QR-кодтар қажетті ақпарат пен көмекті жылдам және анонимді алуға мүмкіндік береді, бұл балалардың сауалдары мен мәселелеріне жедел ден қоюға мүмкіндік береді», - деп атап өтті ҚР оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың шілдесінде мемлекет басшысы қабылдаған әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заң аясында «111» байланыс орталығының қызметі бекітілген болатын.

Қазақстанда 5 сәуірден бастап тіркелмеген мопедтердің жүруіне тыйым салынады

2025 жылдың 5 сәуірінен бастап мопедтер ресми түрде механикалық көліктерге теңестіріледі, деп хабарлайды Turkistan.

Полиция көлік құралы ретінде пайдалану үшін қандай шаралар қолдану керектігін еске салды: полицияда тіркелу; А1, А немесе В санатындағы жүргізуші куәлігі; техникалық тексеру; азаматтық жауапкершілікті сақтандырудан өту қажет болады.

Тіркелу үшін тұрғылықты жері бойынша арнайы ХҚКО-ға келесі құжаттармен жүгіну қажет: жеке куәлік (электронды түрде болуы мүмкін); мопедтің техникалық құжаты немесе сипаттамалары: кейін өтінішті толтырып, мопедті тексерістен өткізіп, қажетті мемлекеттік баждарды төлеу керек.

«5 сәуірден бастап тіркелмеген мопедтерді пайдалануға, жүргізуші куәлігінсіз жүруге тыйым салынады. Бұзушылықтарды болдырмау үшін мопедті алдын ала тіркеп, жүргізуші куәлігін алуды ұсынамыз», – деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Арай Төлегенқызы.

«Ақтөбедегі перзентханада жаңа туған сәбиді сатып жіберген»

Ақтөбе облысының полицейлері облыстағы перзентханалардың бірінде жаңа туған нәрестенің сатылуына қатысты істі тергеп жатыр, деп хабарлайды El.kz.

El-дің мәліметінше, Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы тергеу жүріп жатқанын алға тартып, бұл жағдайға қатысты түсініктеме беруден бас тартқан.

«Ақтөбе облысының полицейлері жаңа туған нәрестені перзентханада сату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Барлық мән-жайлар мен қатысы бар адамдарды анықтау үшін қажет тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу жалғасады», – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Павлодар тұрғынынан құны Т22 млн болатын есірткі тәркіленді

Павлодар тұрғынынан құны Т22 млн теңге болатын есірткі тәркіленді. Полицейлердің күдігіне іліккен 29 жастағы жігіт бұрын сотталған, деп хабарлайды Nege.kz.

Тексеру барысында тыйым салынған заттардың орналасқан жері туралы деректер бар ұялы телефон және мазмұны белгісіз 16 орама тәркіленді және автокөлігінен екі полиэтилен пакет табылды.

Сараптама қорытындысы бойынша, орамаларда жалпы құны Т22 млн-нан астам синтетикалық есірткілер, ал полиэтилен пакеттерде салмағы 1,5 кг-дан асатын синтетикалық каннабиноидтар болғаны анықталды. Күдікті есірткі тарататын интернет-дүкенде «қаптамашы» болып жұмыс істегенін мойындаған.

«Аталған факті бойынша есірткі немесе психотроптық заттарды заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау және өткізу бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта күдікті қамауда. Сонымен бірге аймақ аумағында есірткі жеткізу және таратуға қатысы бар басқа да тұлғаларды анықтау жұмыстары жалғасуда», – дейді облыстық полиция департаменті.

Фото көзі: pixabay.com


adimage