Минкабинеті ұсынған ҚҚС мөлшерлемесі тым жоғары және қызу талқыға түсті – Тоқаев

Астана. 7 ақпан. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке қосымша құн салығының мөлшерлемесі туралы сұрақты қайта қарауды тапсырды, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.

«Кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн. Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сәйкес, менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді. Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс. Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылардың, қайталап айтамын, білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс», - деді Тоқаев жұма күні.

Мемлекет басшысы атап өткендей, «бір анығы, үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары».

«Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті, кей жағдайда артық сөздер де айтылды. Дегенмен бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын. Тағы қайталап айтамын, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керек. Биыл нақты шешім қабылдануға тиіс. Мен бұған дейін де айттым: Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет», - деп атап өтті Тоқаев.

Еске салсақ, 2025 жылғы 28 қаңтарда премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында үкімет ҚҚС мөлшерлемесін арттыруды ұсынып отырғанын мәлімдеген еді. Кейін вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ҚҚС мөлшерлемесі бойынша ақырғы шешімнің қабылданбағанын, бірақ оны көтеру қажеттігін айтты. Сол күні Жұманғарин тұтынушы ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуіне байланысты бағаның да өскенін сезетін болады және әлбетте баға өседі деді.

3 ақпанда ҚазТАГ Қазақстанда ҚҚС мөшерлемесінің шегін Т15 млн дейін төмендетуге қарсы петиция жарияланғанын хабарлады.


adimage