ІІМ интернет алаяқтыққа шектеу қоя алмай отыр – депутат, сенатор зираттарды жекешелендіруге қарсы шықты және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 13 наурыз. ҚазТАГ – ІІМ интернет алаяқтыққа шектеу қоя алмай отыр – депутат, сенатор зираттарды жекешелендіруге қарсы шықты және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

«Достық – Бескөл» стансалары арасында жол қозғалысы ашылады

Қазақстанда наурыз айының соңына дейін «Достық – Бескөл» стансалары арасындағы екінші жолдарда қозғалыс ашылады, деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Достық – Бескөл» бағытында қазіргі таңда соңғы құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Учаскенің ашылуы транзиттік тасымалдау әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Аталған бағыт «Достық – Мойынты» жобасының бір бөлігі саналады. Жалпы ұзындығы 836 шақырымды құрайтын бұл теміржол жобасының толық аяқталуы осы жылдың ортасына жоспарланған.

«ІІМ интернет алаяқтыққа шектеу қоя алмай отыр – депутат»

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Ұлттық құрылтайда талқыланатын маңызды мәселелер жөнінде өз пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz.

Оның айтуынша, қазіргі таңда қарапайым халық интернет арқылы алдау-арбаудың құрбанына жиі айналады.

«Қарапайым халық алданып қалып жатыр. Банктер оған тосқауыл қоя алмай отыр. Тіпті, ішкі істер министрлігінің өзі бұл мәселеде қауқарсыздық танытып отыр. Сондықтан біз мемлекет есебінен өзіміздің азаматтарымызды қорғауымыз керек. Олардың жеке мәліметтерін қорғау қазір күн тәртібінде тұрған мәселе. Тіпті менің өзімнің жақындарым осындай жағдайға жиі тап болады», - дейді мәжілісмен.

Депутат мемлекет киберқауіпсіздікті күшейту мәселесін қолға алуы керектігін атап өтті.

Таразда жүргізуші куәліктерін заңсыз сатқан ХҚКО-ның жеті қызметкері сотталды

2023 жылдың қыркүйегінде облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында Тараз қалалық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында (МХҚКО) жүргізуші куәлігін заңсыз сатқан адамдар тобын әшкереледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МХҚКО-ның екі қызметкері, бір программист маман, төрт делдал алдын ала сөз байласу арқылы ақша қаражатына Жамбыл, Түркістан және Алматы облысының 21 тұрғынына заңсыз жүргізуші куәліктерін жасаған.

«27 ақпанда Тараз қалалық №2 сотымен МХҚКО-да заңсыз жүргізуші куәлігін сатқан адамдар тобына қатысты айыптау үкімі шықты. Сот үкімімен кінәлі тұлғаларға 3,6 жылмен 4,6 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, шартты деп танылды», - делінген хабарламада.

«VIP-зираттар пайда болады»: депутат зираттарды жекешелендіруге қарсы шықты

Сенат депутаты Андрей Лукин зираттарды жеке меншікке беруге қарсы шығып, оларды жекешелендіру жоспарынан алып тастауды талап етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жер кодексіне сәйкес, зираттар – жерлеуге арналған арнайы жер. Оны коммерциялық мақсатта пайдалануға тыйым салынған. Егер жерлеу қызметтері бәсекелестік ортаға берілсе, бұл саланың монополияға айналуына әкеледі. Алаяқтық көбейіп, жер учаскелері заңсыз бөлінуі мүмкін», – деді депутат.

Сондай-ақ, сенатор «зираттарды коммерциялық ортаға берсек, VIP-зираттар пайда болады, мен бұған қарсымын», деп мәлімдеді.

Фото көзі: 2gis.kz


adimage