Маңғыстау облысында мұнай сервистік компаниялары өндірістік жазатайым оқиғаларын жасырған

Ақтау. 15 қаңтар. ҚазТАГ – Маңғыстау облысында мұнай сервистік компаниялары өндірістік жазатайым оқиғаларын жасырған, деп хабарлады өңір прокуратурасының баспасөз қызметінен.

«Мұнай сервистік компаниялары өндірістік жазатайым оқиғаларды жасырды. Прокурорлық тексеріспен өндірістік жарақатқа байланысты материалдарды құқық қорғау органдарына жолдамау фактілері анықталды. Мысалы, жұмысшының жарақаты бойынша оның денсаулығына ауыр зиян келтіргені туралы қорытынды берілгеніне қарамастан, мұнай сервистік компанияның лауазымды тұлғалары бұл фактіні жасырған», - делінген сәрсенбідегі хабарда.

Тағы бір жазатайым оқиға бойынша дәл осындай жасыру фактісі орын алғаны белгілі болды.

«Облыс прокуратурасы жинақтаған материалдар ҚК-нің 156-бабының 1-бөлігімен қылмыстық істер тіркеліп сотқа жолданды», - деп хабарлады бақылау органында.

adimage