Кескіндеме мен фотосурет үндестігі: Aiel Tizginde көрмесі елордада ашылды

Астана. 7 наурыз. ҚазТАГ - Елордада қозғалысқа деген құштарлық пен әйелдердің ішкі қуатынан шабыт алған ерекше Aiel Tizginde атты өнер көрмесі өз есігін ашты. Бұл жоба – қозғалысты өмірінің ажырамас бөлігі ретінде қабылдайтын әйелдерге арналған.

Биылғы Aiel Tizginde көрмесі әйел бейнесін өнер арқылы жаңаша танытуға бағытталған. Көрмеде қазақстандық суретшілер әйел адамның түрлі қырынан бейнелеген туындыларын ұсынды. Экспозицияның басты ерекшелігі – классикалық кескіндеме мен заманауи фотосуреттің үйлесімі. Арнайы дайындалған фоторемейктер картиналардың бастапқы идеяларын заманауи көзқараспен қайта жаңғыртып, дәстүрлі өнер мен қазіргі реалистік бейнелеу арасында ерекше диалог құрды. Фотожобалардың авторы – белгілі фотосуретші Оспан Али.

Көрме әйел адамның күш-қуатын, еркіндігін және шабытын өнер арқылы ашып көрсетті. Кештің ерекше атмосферасын танымал өнерпаздардың өнері толықтырды. Мархаба Сабидің әсем дауысы көрермендерді баурап алса, Алпамыс Батыр ұсынған цифрлық арт-перформанс көрмеге эстетикалық әсер сыйлады.

Көрменің тағы бір маңызды бөлігі – фотожобаға қатысқан танымал тұлғалар. Олардың қатарында журналист Санди Султан, кәсіпкер Динара Шукижанова және актриса Жұлдыз Абдукаримова бар. Олар жобаның басты идеясын – қозғалыс, еркіндік және күшті өз бейнелері арқылы жеткізіп, көрменің мәнін айшықтай түсті.

Allur қазақстандық автокөлік компаниясы бұл көрмені екінші жыл қатарынан ұйымдастырып келеді. Бұл жоба – компания үшін жай ғана мәдени бастама емес, қозғалыстың маңыздылығын тура мағынасында да, метафоралық тұрғыдан да көрсету мүмкіндігі.

«Біз үшін Қазақстанның креативті экономикасын қолдау аса маңызды, себебі ұлттық айдентика дәл осы өнер мен шығармашылық арқылы қалыптасады. Біз мәдени ортаның дамуына үлес қосып, суретшілерге, фотографтар мен дизайнерлерге өз аудиториясын табуға мүмкіндік бергенімізге қуаныштымыз. Aiel Tizginde – бұл жай ғана көрме емес, ол дәстүр мен заманауилық тоғысатын, әйел энергиясы өнерде айшықталатын диалог алаңы», – деп атап өтті Allur брендін дамыту бөлімінің жетекшісі Ырысты Асенова.

Көрме 13 наурызға дейін жалғасады. Ол Тұран 53А мекенжайында, Allur дилерлік орталығында өтеді. Келушілер сағат 9:00-ден 20:00-ге дейін тегін тамашалай алады. Көрме туралы ақпарат сондай-ақ жобаның сайтымен парақшасында қолжетімді.


adimage