Депутаттар апат шеңберінде сын айтуда, БҚО басты қауіп - Жайық өзені суының көтерілуі және тағы басқа тақырыптар дайджесті

   Астана. 17 сәуір. ҚазТАГ - Депутаттар апат шеңберінде сын айтуда, БҚО басты қауіп Жайық өзені суының көтерілуі және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.
   «Қазақстан Оксфорд исламтану орталығымен ынтымақтастық орнатады»
Парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Оксфорд исламтану орталығының директоры Фархан Ахмад Низамимен кездесті. Онда ғылыми-зерттеу байланыстары мен рухани дипломатия саласындағы ынтымақтастықты нығайту перспективалары талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сенат төрағасы Фархан Ахмад Низамиге Қазақстан ғалымдармен белсенді қарым-қатынасы үшін алғыс білдірді.
Сондай-ақ Қазақстанның Оксфорд исламтану орталығымен ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін жеткізді.
«Техникасы да, адамдары да жоқ»
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров су шаруашылығы саласында аудандық, облыстық деңгейде су ресурстарын басқаратын коммуналдық кәсіпорындар ашуды ұсынды, деп хабарлайды Baq.kz.
«Ағайын, апат айтып келмейді. Дәл қазір еліміз – ел аман, жұрт тынышта терең әлеуметтік дағдарысқа тап болды. Дайын болмаған кезде келген топан су – Қазақстандағы 30 жыл бойы қалыптасқан даңғазалық, волюнтаризм мен көзбояушылықтың шынайы көрінісі. Бұл факт! – дейді депутат.
Оның айтуынша, су шаруашылығы саласында аудандық, облыстық деңгейде су ресурстарын басқаратын коммуналдық кәсіпорындар ашу керек және оларды қажетті техника, білікті кадрлармен қамтамассыз етіп, жергілікті гидро-құрылымдарды дамытуға күш салу қажет.
«Биліктің алдын-ала жасалған дабылға бей-жәй қарағаны су тасқынының басты себебі – Зайытов»
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов премьер-министр Олжас Бектеновке Құлсары қаласындағы су тасқыны жағдайы бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Stan.kz.
Депутаттың айтуынша, тосыннан келген топан суды қанша жерден табиғи құбылыс десек те, апатқа кінәлі адами салғырттықтар да бар және жауапкершіліктен қашып, жұмысты бір-біріне сілтеп отыратын салғырт қызметкерлер мен жергілікті ірі компаниялар жазалануы тиіс.
«Жергілікті билік пен жауапты министрліктер оған дейін дабыл қаққан әріптестерімнің депутаттық сауалдарына бей-жәй қарағаны да бұл апаттың бір себебі деуге әбден болады»,- деді Ринат Зайытов.
«Батыс Қазақстан облысына басты қауіп - Жайық өзені суының көтерілуі»
Батыс Қазақстан облысына басты қауіп Жайық өзені суының көтерілуі болып тұр, деп хабарлайды Kaz.inform.kz.
«Облыс бойынша су тасқынының алдын алу апаттық құтқару жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр. Облысымызға су келуіне байланысты жергілікті ауқымдағы алты төтенше жағдай жарияланған. Соңғы мәліметтер бойынша 13 732 адам, оның ішінде 5 703 бала эвакуацияланды. Көпшілігі туған-туыстарының үйіне орналасты. Облыс бойынша 13 эвакуациялып пунктте 2 300 адам орналасқан. Қазіргі уақытта облысымызға еріген қар суынан келетін қауіп жоқ. Басты қауіп - Жайық өзенінің су деңгейінің көтерілуі. Сол себепті барлық күш-құрал Жайық өзені бойында орналасқан елді мекендерді судан алып қалу үшін жұмыс істеп жатыр», - деді БҚО ТЖД ресми өкілі Нұржан Төлеуіш орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
«Әділет министрі Бишімбаев пен Нүкенова неке рәсімін қалай жасағанын түсіндіре алмады»
Әділет министрі Азамат Есқараев Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың неке қию рәсіміне қатысты сұрақтарға түсініктеме беруден бас тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Журналистер Әділет министрі Азамат Есқараевтан Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың неліктен ресми тіркелген ерлі-зайыптылар болмаса, мешітте неке қию рәсімін жасай алғаны және имамдар неке куәлігін талап етуі керектігі туралы түсінік беруді сұрады.
«Неке рәсіміне келетін болсақ, бұл мәселені уәкілетті органмен талқылау қажет. Қылмыстық іске қатысты пікір білдіргім келмейді. Уәкілетті органдар – діни бөлімдерді айтып отырмын. Нақтылап, тиісті жауап берейік», - деді министр.

Фото көзі: parlam.kz


adimage