«Мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін балабақшаларда ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасын енгізу басталды. Оның шеңберінде: ата аналарға балабақшаларды өз бетінше таңдау мүмкіндігі беріледі; барлық мектепке дейінгі ұйымдар (меншік нысанына қарамастан) заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда мемлекеттік тапсырысқа өтінім беруге құқылы; қаржыландыру баланың балабақшаға бару фактісі бойынша жүзеге асырылады; сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады», - деп мәлімдеді Тамара Дүйсенова.
Оның айтуынша, Тараз қаласында іске асырылған жобаның қорытындылары тек тамыз-қыркүйек айларында Т600 млн-ды үнемдеуге, балабақшаларға келмейтіндерді алып тастауға және ең бастысы балабақшаларда осы уақытқа дейін бірнеше жыл кезекте тұрған екі жастан асқан 17 мыңнан астам баланы орындармен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
«Қазіргі уақытта пилоттық жоба Шымкент қаласында және Түркістан облысында жалғасуда. Келесі жылдан бастап оны барлық өңірлерде кезең-кезеңмен енгізу жоспарлануда», - деді вице-премьер.
Ол сондай-ақ 2024 жылғы 13 тамызда «Атамекен» ҰКП аясында мектепке дейінгі ұйымдарда ваучерлік жүйені енгізудің пилоттық жобасы талқыланғанын және отырысқа жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың құрылтайшылары мен қауымдастықтары, өңірлік кәсіпкерлер палаталарының өкілдері қатысқанын еске салды.
«Отырысқа қатысушылар пилоттық жобаны іске қосуды қолдады және ваучерлік қаржыландыруға көшу мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысының ашықтығын қамтамасыз ете алады деген пікірмен келісті. Осыған байланысты ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасын іске асыру өз жалғасын табады», - деп хабарлады үкімет басшысының орынбасары.
Айта кетсек, мәжілісмендер үкіметке жолдаған сауалында бұл жобаны қаржыландыру, балалардың тізімін жасақтау мен кезегін күттірмеу механизмінде шикілік барын айтып, ваучерлік қаржыландыру механизмін тоқтатуды ұсынған болатын.
Фото көзі: time.kz