Бишімбаев соңғы сөзінде Гитлердің сөзін келтірді

Астана. 6 мамыр. ҚазТАГ – Алена Субботина. Сотта соңғы сөзін айтқан Қуандык Бишімбаев фашистік Германияның министрі болған Йозеф Геббельстің сөзін келтірді, алайда ол әу баста Адольф Гитлердің айтып кеткені болатын.
«Айтқым келмей тұр, бірақ айтайын. 30 жылдары Германияда насихат министрі болды. Оның әйгілі сөзі бар еді: «Өтірік сұмдық болған сайын оған сену оңай» деген. Мені ісімде де солай болып жатыр», - деді дүйсенбі күні сотта соңғы сөзін сөйлеген Бишімбаев.
Бишімбаев қағаздан оқыды. Іс бойынша сотталушы ретінде өтіп жатқан інісі Бахытжан Байжанов та қағаздан орыс тілінде оқып, Нүкеновтардың отбасынан кешірім сұрады, ол да бұрынғысынша кінәсін мойындамады.
Экс-министр тағы да өзін азаматтық әйелі Салтанат Нүкенованың өліміне кінәлі санайтынын, бірақ оны қасақана өлтірмегенін мәлімдеді.
«Егер сіздер Құдайға сенсеңіздер, ал мен оған сенемін, ол бізді сынап жатыр, түсінеміз бе біз оны түсінбейміз бе, қабылдаймыз ба жоқ па. Біз күн сайын оның сынағынан өтіп жатырмыз. Ең жоғары адамгершілік құндылықтарына арналған сынақ. Сол күні, 8-нен 9 қарашаға қараған түні мен сол сынақтан өтпей қалдым. Мен үлкен күнәға баттым. Мен оны түсінемін, уайымдаймын, өкінемін, күн сайын өзімді жегідей жеймін. Менің әрекетім мен жақсы көретін адамның өліміне әкеп соқты, оның ата-анасының, отбасы мен достарының қайғысының себебі болды. Мен олардан тағы да кешірім сұраймын. Осы жағдай арқылы жаны ауырған жандардың барлығынан кешірім сұраймын. Мен өзімнің ата-анамнан, туыстарымнан, достарымнан, балаларымнан кешірім сұраймын. Қартайған шақтарында көңілдеріне қаяу түсірдім, ұялттым, қайғыға батырдым, уайым мен қорқыныш ұялаттым», – деді сотталушы.
Ол сонымен қатар, «барлық мүмкіндігі бола тұра» жауапкершіліктен қашып кетуге, жасырынуға тырыспағанын атап өтті. Соңғы сөзінде Бишімбаев әлеуметтік желілерде оған қатысты жеккөрушілікті тұтату кампаниясы ұйымдастырылып, жақсы жұмыс жасап жатыр-мыс деді.
«Құрметті алқабилер, сіздер БАҚ пен әлеуметтік желілердің қысымы жағдайында шешім қабылдауға мәжбүрсіздер. Мұның барлығы қолдан әдейі жасалған, әдемі ойластырылған және ақысы төленген. Сіздерден өтінемін объективті және әділ болыңыздар. Әлеуметтік желідегі үгіт-насихаттың жетегінде кетпеңіздер. Менің Салтанаттың өліміне қатысым бар, мен оның өліміне кінәлімін. Мен жауап беруге дайынмын», – деді ол.
Сот 10 мамырда сағат 10.00-де жалғасады.

adimage