Бишімбаевтың Назарбаев арқылы құтылғаны туралы пікір, Еліміздің 12 қаласында жылу электр станциялары әбден тозған және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 10 мамыр. ҚазТАГ – Бишімбаевтың Назарбаев арқылы құтылғаны туралы пікір, Еліміздің 12 қаласында жылу электр станциялары әбден тозған және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.
«Қазақстанда әйелдер вагонына сұраныс 2 есе артты»
Елімізде жыл басынан бері 70 мыңға жуық жолаушы әйелдер вагонының қызметін пайдаланған, деп хабарлайды Stan.kz.
Қызмет енгізілген сәттен бастап (2021 жылдың басы) 359 мыңнан астам әйел сапарын ыңғайлы әрі қауіпсіз ету үшін «әйелдер вагондарында» жол жүруді таңдаған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2 есе өскен.
Қазіргі таңда «әйелдер вагоны» сегіз жолаушылар пойызы құрамында бар. Бұл вагондарға билеттер тек әйелдерге сатылады және әйел жолсеріктер жұмыс істейді. Сонымен қатар әйелдерге арналған вагонда жеті жасқа дейінгі ер жолаушылардың жүруіне рұқсат етілген.
«Қазір мүмкін емес – Құспан Бишімбаевтың жазадан Назарбаевтан кешірім алғандай құтыла алмайтынын айтты»
Белгілі заңгер әрі парламент мәжілісінің депутаты Абзал Құспан экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотынан түйген ойларын әлеуметтік желіге жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оның айтуынша, экс-президент Назарбаевтың тұсында кім одан кешірім сұраса – сол жазадан құтылып кететін. Қазір мұндай жасау мүмкін емес.
«Бұл іс – бүкіл халықтың назарын аударған алғашқы сот отырысы. Алматыда автобус жүргізушісін ұрған адамға қатысты сот отырысы да тікелей эфирде көпшілікке көрсетілді. Қарағандыда жедел-жәрдем көлігі жүргізушісін ұрған адамға қатысты іс те онлайн көрсетілді. Ескі Қазақстанда сот отырыстары жабық өтіп, кім нені қарап жатқаны, істі қалай саралап жатқаны белгісіз болатын. Бұған дейін Қуандық Бишімбаевтың сотталып, кейін босап шығуы да осы себепті еді. Кім Назарбаевқа жақын болды не кешірім сұрады, сол жазадан оңай құтылатын. Қазір бұлай жасау мүмкін емес» - дейді депутат.
«Су тасқыны: алты облыста жарықты қалпына келтіріп жатыр»
Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев су тасқыны салдарынан алты өңірде электрмен жабдықтауға қатысты мәселе туындағанын, бүгінде мамандардың жарықты қалпына келтіріп жатқанын айтты, деп хабарлады Halyq-uni.
Оның айтуынша, төтенше жағдайдың салдарын жоюға тоғыз мыңнан аса энергетик маман, 2145 арнайы автотехника тартылған.
«Қостанай облысында ажыратылған абоненттер саны 5 мыңнан 700-ге дейін азайды. Ақтөбе облысында абоненттер саны 5,5 мыңнан 13 абонентке дейін азайған. Батыс Қазақстан, Ақмола облыстарында шектелген абоненттер 4 есе, ал Атырау облысында 3 есе азайды. Солтүстік Қазақстан облысында апаттық-қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Қалған 5 мың абонент су деңгейі төмендеген соң жарыққа қосылады», - деді Алмасадам Сәтқалиев.
«Еліміздің 12 қаласында жылу электр станциялары әбден тозған»
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, еліміздің 12 қаласында жылу желілері ауыр жағдайда, деп хабарлайды Nege.kz.
Министрлік жылу желілерінің тозу деңгейі өте жоғары (65%-дан 91%-ға дейін) «қызыл аймаққа» жатқызылатын 12 қаланы анықтады: Екібастұз; Павлодар; Степногорск; Атбасар; Петропавл; Ақтау; Арқалық; Рудный; Семей; Теміртау; Кентау;Риддер.
Бұл қалалардағы жылу желілерінің тозу деңгейі 73%.

Фото көзі: Ашық дерек көздерінен


adimage