Барменқұлов қызметінен кетті, енді вакциналау кезінде Face ID технологиясы қолданылады және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 8 қараша. ҚазТАГ – Барменқұлов қызметінен кетті, енді вакциналау кезінде Face ID технологиясы қолданылады және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

«Әділет Барменқұлов Қазақстан футбол федерациясының басшысы қызметінен кетті»

Әділет Барменқұлов енді Қазақстан футбол федерациясын басқармайды, деп хабарлайды Stan.kz.

Ол Қазақстан футбол федерациясының президенті болып 2022 жылы сайланды. Оның тұсында Қазақстан Еуро-2024 финалдық кезеңіне жолдама алуға жақын болғанымен, плей-офф кезеңінде Грекия құрамасынан 0:5 есебімен жеңіліп қалды.

Енді қазақстандықтарды вакциналау кезінде Face ID технологиясы қолданылады

Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспановтың мәлімдеуінше, енді қазақстандықтарды вакциналау кезінде Face ID технологиясы қолданылады және елдегі емханаларда науқастарды тіркеу үшін дәрігерлер кабинетіне камера орнатылады, деп хабарлайды «Курсив».

«Вакцинация мәселесіне келер болсақ, өздеріңіз білесіздер, әлеуметтік желілерде екпе салынды немесе салынбады деген түрлі жалған хабарламалар пайда болуда. Осы түсініспеушіліктерді жою үшін біз Face ID технологиясын қолдануды жоспарлап отырмыз», – деді вице-министр.

Оның айтуынша, науқастардың емханаға келгенін тіркеу үшін дәрігерлер кабинетіне камера орнатылады. Бұл пилоттық жоба ретінде басталып та кеткен, қазір Астананың 48 емдеу мекемесінде іске қосылған. 2025 жылдан бастап бұл жүйе елдің барлық аймағында енгізілмек.

«ІІМ жүргізушілерге үндеу жасады»

Ішкі істер министрлігі ауа райының күрт өзгеруіне байланысты шұғыл үндеу жасады, деп хабарлайды El.kz.

Полицияның мәліметінше, ауа райының күрт өзгеруі апатқа әкеп соғуы мүмкін, сондықтан көліктің техникалық жағдайын, тежеу жүйесінің жұмысын қарау керек. Ауа-райының өзгеруіне байланысты жолдарда көру мүмкіндігі төмендейді. Тайғақ, мұзды жерлер апатқа әкеп соғуы мүмкін. Сондай-ақ ауа-райының бұзылуы көлік құралына да әсерін тигізетінін ескеру қажет.

«Құрметті жол жүрісіне қатысушылар! Жол ережелерін сақтау – сіздің жауапкершілігіңіз. Өзіңіздің және өзгенің өміріне немқұрайлы қарамаңыз. Жолдағы қауіпсіздік шараларын және жол жүрісі қағидаларын сақтау өзіңізден басталады. Үйде жақындарыңыз күтіп отырғанын ұмытпаңыз!» – деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

«Балаларына Т23 млн қарыз: Марат Әйтеновтың қымбат көлігі тәркіленді»

Жеке сот орындаушысы Шымкенттің экс-әкімі Мұрат Әйтеновтың ағасы Марат Әйтеновтың алимент бойынша қарызына байланысты қымбат көлігін тәркіледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Астана қаласы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының хабарламасына сәйкес, көлік үш балаға алиментті өндіру ісін орындау бойынша айыппұл тұрағына қойылған. Әйтеновтың балаларының алдындағы қарызы Т23 млн асқан.

«Аталған автокөлік балалардың алдындағы борышты өтеу үшін электрондық сауда арқылы сатылады», - делінген хабарламада.

Фото көзі: Ашық дереккөз


adimage