Астана. 13 қараша. ҚазТАГ - Алена Субботина. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналистерді қамауға алу және журналистермен сот ісін жүргізу жағдайларына қатысты өзі басқарып отырған ведомствоға айтылған сындармен келіспейтінін жеткізді.
"Біріншіден, мен олай ойламаймын. Екіншіден, мен жалаң сынды жақтаушы емеспін. Өтінемін, фактілер бойынша айтайық. Материалдар қайда түсіріледі? Біз қай жерде белгілі бір бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялық саясатына баса көктеп араластық? Аккредиттеу ережелеріне келетін болсақ, кешіріңіз, мұның бәрі заңды түрде болды. (...) Мен бұл жерде журналистердің құқықтарына нұқсан келтіру туралы сөз болған жоқ, жоқ деп нақты айта аламын. Мүмкін, иә, біз шектеулер бар дейміз, бірақ олар біздің барлық брифингтеріміздің халқымыз үшін пайдалы болғанын қалайтындығымызға негізделген", - деді Балаева сәрсенбіде мәжіліс кулуарында.
Бұл ретте министр Қазақстанда сөз бостандығына қатысты "бәрі жақсы"деп есептейді.
"Менің ойымша, елімізде сөз бостандығына қатысты ешқандай мәселе жоқ. Сіз өз пікіріңізді еркін білдіресіз, петиция арқылы ойыңызды еркін білдіресіз. Тіпті, аккредиттеу ережелерімен байланысты келіспеушіліктердің өзінің де құқықтық алаңда өтуі, бізде сындарлы диалог, өркениетті диалог бар екенін көрсетеді. Заң мен тәртіп қағидасы сақталады және бұл өте қуанышты. Сөз бостандығымен бізде бәрі қалыпты деп ойлаймын", - деп түсіндірді Балаева.
Сондай-ақ, министр "Шекарасыз репортерлар" («Репортеры без границ») баспасөз бостандығы рейтингі бойынша 180 елдің ішінен Қазақстан неге 142-орында тұрғанын түсіндірді.
"Рейтингтер әр түрлі болады, әдістер, бағалар да әр түрлі. Осы жерде нақты қарайық, ол қайда шектеледі? Кез келгенін, қалағанының бәрін жазады, сынға алады. Кейде шынымен де, иә, өте қатты сынға ұшырайды. Мұнда шектеулер қайда? Мен ешқандай шектеу көріп тұрған жоқпын және Қазақстанда барлық бұқаралық ақпарат құралдарының белсенді дамуы мен жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалған деп санаймын", - деді ақпарат министрлігінің басшысы.
Бұл ретте Балаева Қазақстанда қабылданған бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнан кейін ел сөз бостандығының әлемдік рейтингтеріндегі көрсеткішін жақсартады деп үміттенеді.
Қатысты сілтемелер
-
Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтады
1 Қаңтар 2025, 00:51 -
Қазақстан синоптиктері 2025 жылғы қаңтар айына ауа райы болжамын ұсынды
31 Желтоқсан 2024, 16:11 -
Көкшетау полицейі әлеуметтік желідегі пікірлері үшін қудалауға ұшырағанын айтты
31 Желтоқсан 2024, 16:01 -
Астанада мереке күндері қоғамдық көліктер қалай жұмыс жасайды
31 Желтоқсан 2024, 15:30