Қазақстан синоптиктері 2025 жылғы қаңтар айына ауа райы болжамын ұсынды

Астана. 31 желтоқсан. ҚазТАГ - Қазақстан синоптиктері 2025 жылғы қаңтар айына ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі.

«Қазақстан Республикасы бойынша қаңтардың бірінші онкүндігінде ауа райын Атлантикалық циклондар қалыптастырады, бұл ауа райының тұрақсыз сипатын анықтайды. Солтүстік жартысында және республиканың оңтүстік, оңтүстік-шығыс, шығысының таулы аудандарында бұрқасынмен қар, кейде қатты қар болжанады, елдің оңтүстік жартысында жауын-шашын жылбысқы қар, жаңбыр түрінде күтіледі. Қазақстанның басым бөлігінде жел 15-20 м/с-дейін күшейеді, кейде екпіні 23-28 м/с жетеді, елдің солтүстік-батыс жартысында жел 30 м/с дейін және одан да көп болуы ықтимал», - делінген сейсенбі күнгі хабарламада.

Қаңтардың бірінші онкүндігінде температуралық фон күтілуде:

• Қазақстанның батысында түнде -5+2°С-тан -3-12°С-қа дейін, күндіз -3+5°С-тан 0,-8°С-қа дейін ауытқуы;

• республиканың солтүстік-батысында түнде 0,-7°С-тан -10-20°С-қа дейін, күндіз -5+2°С-тан -8-13°С-қа дейін біртіндеп төмендеу;

• елдің солтүстігінде, орталығында, шығысында онкүндіктің басында ауа температурасының түнде -5-13°С-тан 0,-8°С-қа дейін, күндіз -2-8°С-тан -3+2°С-қа дейін аздап жоғарылауы, содан кейін түнде ауа температурасының -10-20°С-қа дейін, күндіз -5-12°С дейін біртіндеп төмендеуі;

• елдің оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында түнде -8+2°С, күндіз -3+7°С шамасында, содан кейін түнде ауа температурасының -8-15°С, күндіз -3-10°С дейін төмендеуі.

 Оңтүстік циклондардың шығуы нәтижесінде ауа температурасы көтерілген кезде бірнеше қарқынды жылу толқындары болжанады:

• ҚР солтүстік жартысында күндіз -5+2°С дейін,

• елдің оңтүстік жартысында және оңтүстік-батысында +2+12°С дейін.

Ал солтүстік-батыс антициклонның енуіне байланысты бірнеше қарқынды суық толқындар болжанады, бұл күндері ауа температурасы төмендейді:

• солтүстік жартысында және ҚР орталығында түнде -25-35°С дейін, күндіз -15-25°С дейін,

• республиканың оңтүстік жартысында және оңтүстік-батысында түнде -12-22°С дейін, күндіз -3-15°С дейін.

Қаңтарда екпінді жел, тұман, көктайғақ жиі болжанады.

Фото көзі: freepik


adimage