Қазақстандықтарға мопед тіркеуге 6 ай уақыт беріледі, Бишімбаев мерзімінен бұрын бостандыққа шығып кетуі мүмкін және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 19 қыркүйек. ҚазТАГ – Қазақстандықтарға мопед тіркеуге 6 ай уақыт беріледі, Бишімбаев мерзімінен бұрын бостандыққа шығып кетуі мүмкін және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

«Қазақстандықтарға мопед тіркеуге 6 ай уақыт беріледі»

Енді мопедтер міндетті мемлекеттік тіркеуден өтуі қажет. Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха бұл норма қай уақыттан бастап қолданысқа енетінін айтты, деп хабарлайды Baq.kz.

БАҚ өкілдері мопедтерді мемлекеттік тіркеуден өткізу қай уақытта басталатынын нақтылады.

«Жарты жыл уақыт беріледі. Мемлекеттік тіркеуден өтуді осы уақыт ішінде аяқтауыңыз керек. Заңға қол қойылған кезден бастап тіркеуден өтуге болады. Оны бірден жасаған жөн. Егер қажетті құжаттар болса, неге тіркеуден өтпеске? 6 ай уақыт береміз. Алтыншы айында барлығы тіркеуден өтуге барады, салдарынан кезек болатыны белгілі. Сондықтан да заңға қол қойылған кезден бастап бір ай ішінде тиісті құқықтық базаны реттейміз», - деді ішкі істер вице-министрі.

«Қазақстан Америкаға Алматыдағы жер телімін 49 жылға жалға бермек»

Қазақстан Америкаға 49 жыл мерзімге жаңа консулдық салу үшін ауданы 70 мың шаршы метрден асатын Алматыдағы жер учаскесін жалға береді, деп хабарлайды Stan.kz.

«Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының үкіметі арасындағы Америка құрама штаттарының үкіметіне Алматы қаласындағы Америка Құрама Штаттарының консулдық мекемесінің ғимаратын салу үшін жер учаскесін жалға беру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын», – делінген үкімет қаулысында.

Құжатқа сәйкес, консулдық мекеменің ғимаратын салу және пайдалану үшін жер учаскесін жалдау шарты жасалған күннен бастап 49 жыл мерзімге беріледі. Айта кететіні жалдау мерзімі одан кейінгі тағы 49 жылға ұзартылуы мүмкін.

«Бишімбаев мерзімінен бұрын бостандыққа шығып кетуі мүмкін»

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтан моральдық өтемақы алынбаса ол мерзімінен бұрын бостандыққа шығып кетуі мүмкін. Бұл туралы марқұм Салтанат Нүкенованың отбасының адвокаты Жанна Оразбахова айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz.

«Мәселе ақшада емес. Бастысы – қылмыскерді мерзімінен бұрын шығып кету мүмкіндігінен айыру. Өтемақы сомасы көп болған сайын оның бостандыққа шығып кету мүмкіндігі де аз болады», - дейді адвокат.

Осылайша, Салтанаттың ағасы Айтым Амангелді экс-министрден өтемақы өндіріп алмақ.

Астанада құны Т346 млн асатын жер учаскесі мемлекетке қайтарылды

Жер ресурстарын басқару департаменті Астана қаласы бойынша Есіл ауданы әкімдігінің хаттамасы негізінде ЖШС-нің жер учаскесін ұзақ уақыт пайдаланбауы бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізді. Ауыл шаруашылығымен айналысуға арналған жер учаскесінің аумағы – 6,4862 гектар, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Тексеру нәтижесінде Жер кодексінің 92-бабын бұзу фактісі расталды», – делінген хабарламада.

Астана қаласы сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен департаменттің талап арызы қанағаттандырылды. Сот шешімі заңды күшіне енді.

Фото көзі: Жоғарғы сот баспасөз қызметі


adimage