Қазақстан жеті елге 10 жаңа әуе бағытын ашты

    Астана.8 ақпан.ҚазТАГ- Қазақстан жеті елге 10 жаңа әуе бағытын ашты , деп хабарлайды Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
   «Енді қазақстандықтар Милан (Италия), Ираклион (Грекия), Нячанг (Вьетнам), Кувейт (Кувейт), Анкара (Түркия), Маэ аралы (Сейшел аралдары) мен Түменге (Ресей) тікелей қатынай алады»,- делінген хабарламада.
   Ақпаратқа сүйенсек, Қазақстанға келген шетелдік туристер саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 3 есе артқан.
   «Қазір Туризм комитеті жаңа әуе бағыттарын ашу бойынша жұмыс істеп жатыр. Ұйымдастыру шаралары аяқталған кезде біз жұртшылықты хабардар етеміз. Тікелей рейстердің ашылуы еліміздің туристік тартымдылығын арттыратыны сөзсіз. Мысалы, былтыр Атырау облысына барған туристер саны 3,5 есе өскен. Бұл өңірдің транзиттік әлеуетіне де байланысты.
   Қазақстанға келген әрбір 4-турист Алматы қаласына барады. 2022 жылы оңтүстік астанамыз 1,2 млн астам турист қабылдаған. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Еліміздегі тау шаңғысы курорттарына келген туристер саны 1,5 миллионға дейін жетті. Жыл сайынғы өсім 20% құрады. Еліміздегі тау шаңғысы туристерінің саны жағажай туристерінің санымен теңесті», – деді Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

adimage