«Мұхаммедсабыр Базарбайұлының жекпе-жегі бойынша нәтижемен келіспейміз - Қазақстан ҰОК»
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті 63,5 келі салмақта жұдырықтасқан Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен грузиялық Лаша Гурули арасындағы жекпе-жек нәтижесін түсіндіруді талап етіп, ресми түрде PBU-ға (Paris boxing Unit) шағым түсірді, деп хабарлайды El.kz.
«Қазақстан ҰОК Мұхаммедсабыр Базарбайұлының жекпе-жегіне қатысты шағым түсірді. Біз бұл нәтижемен келіспейміз және PBU-дан түсініктіме талап еттік. Бұдан ХОК та хабардар. Біздің ойымызша, қазақстандық боксшы 2024 жылғы Олимпиаданың жартылай финалына жолдама беретін маңызды кездесуде жеңіске жетті. Өткен жекпе-жектің нәтижесін қайта қарау мүмкін еместігін де түсінеміз. Алайда біз ірі халықаралық жарыстағы төрелік әділ әрі таза болғанын қалаймыз», - деді Қазақстан ҰОК бас хатшысы Жанар Утешева.
Айта кетсек, бұған дейін Қазақстан ҰОК қазақстандық боксшылардың жекпе-жегінде төрелік еткен жекелеген төрешілерге қатысты PBU-ға ескерту жасады. Ескерту қабылданып, қазіргі таңда зерттеу жүргізілуде.
«Қорғас» шекара бекетінде жасырын казинолар жұмыс істеп келген
«Қорғас» халықаралық орталығының қазақстандық бөлiгiнде жұмыс iстеген 8 жасырын казино қызметінің жолы кесілді, деп хабарлайды Halyq Uni.
18 шілдеде ҰҚК жедел қызметкерлері мен шекарашылары ҚМА-мен бiрлесіп, бұл әрекетке қатысы бар деген күдікпен 32 шетелдік және алты Қазақстан азаматы ұсталды.
Тінту барысында олардан ойын автоматтары мен үстелдер, құмар ойындарын ұйымдастыруға арналған техникалық жабдықтар, сондай-ақ көп мөлшерде ақша тәркіленген.
«Жетісу облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр», – делінген хабарламада.
Қазақстанда жарты жылда халық саны 125 мыңға артты
Қазақстан халқының саны 1 шілдедегі жағдай бойынша 20 159 707 адам болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Қазақстандағы қала тұрғындары – 12 573 637 адам, ауыл тұрғындары – 7 586 070 адам.
Жарты жылдың ішінде халық саны 125 867 адамға артты, табиғи өсім есебінен 118 579 адамға, көші-қон есебінен 7289 адамға өсті.
Халық санының ең жоғары өсу қарқыны Астана мен Шымкент қалаларында, тиісінше 2,93% бен 1,38%, сондай-ақ Алматы қаласында тіркелді – 1,33%.
Алматыда қоғамдық көлікте жол жүру ақысы қымбаттайды
3 тамыздан бастап Алматыда қоғамдық көлікте жүру ақысы қымбаттайды. Енді автобус жолақысы Т120 құрайды, деп хабарлайды Nege.kz.
Қауіпсіздікті арттыру үшін қолма-қол ақшамен төлеу алынып тасталады, жүргізуші ақша жинауға алаңдамайтын болады.
Жолаушылардың 97%-дан астамы қолма-қол ақшасыз төлем жасайды.
Қала тұрғындары мен мегаполис қонақтарына қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың бірнеше әдісі қолжетімді: «Onay» филиалдарында және 115 клиенттерге қызмет көрсету орындарында сатып алуға болатын көлік картасы, ұялы телефоннан SMS жіберу арқылы, мобильді қосымша арқылы (ағылшын тілінде интерфейсі бар).
ҰОС қатысушылары, 75 жастан асқан зейнеткерлер, 1, 2-ші топтағы мүгедектер, 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар, саяси қуғын-сүргін құрбандары мен басқа мемлекеттердің аумағындағы әскери қимылдардың ардагерлері үшін жол жүру тегін.
Фото көзі: olympic.kz/©Тұрар Қазаңғапов