2019 жылы ТШО шикі мұнай өндірісі 4% өсті

Алматы. 17 ақпан. ҚазТАГ – Валентина Владимирская. «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) 2019 жылы 2018 жылмен салыстырғанда 4% көп шикі мұнай өндірді, деп хабарлады компаниядан.
«2019 жылы шикі мұнай өндірісі 29,79 млн тонна көлемінде рекордтық көрсеткішке жетті. Өткен жылмен салыстырғанда өндіріс көлемі 4%-ға өсті. Сұйытылған және құрғақ газды сату сәйкесінше 1,3 миллион тоннадан және 7,9 миллиард текше метрден асты», - делінген дүйсенбіде таратылған компания хабарында.
Құжатқа сәйкес, өткен жылы ТШО-ның Қазақстан экономикасына жасаған тікелей төлемдері 10,6 миллиард доллардан асты. Бұл төлемдерге қазақстандық қызметкерлердің жалақысы, отандық өндірушілер мен жеткізушілердің тауарлары мен қызметтерін сатып алу, мемлекеттік кәсіпорындарға төлемдер, қазақстандық серіктестерге дивидендтер, сондай-ақ мемлекеттік бюджетке аударылған салықтар мен роялти кіреді. 2019 жылы «Теңізшевройл» ЖШС 4,6 миллиард доллардан астам қаражатқа қазақстандық жеткізушілердің тауарлары мен қызметтерін сатып алды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда отандық өндірушілердің өнімдері мен қызметтері бойынша шығындар 31%-ға өсті. Бұл көрсеткіш ТШО-да 1993 жылдан бастап есептегенде рекордтық көрсеткіш болып танылды.
Қазіргі таңда ТШО-ның негізгі өндіріс қызметкерлерінің, ККЖ-ҰЕҚБЖ-сын қоспағанда, 89%-ы қазақстандықтардан құралады. Кәсіпорын басшылар тобы құрамында Қазақстан Республикасының азаматтары барлық лауазымдардың 80%-н иеленіп отыр, делінген баспасөз парақшасындағы хабарда.

adimage