Құрылыс кодексінің қабылдануы нарықты монополиясыздандыруға мүмкіндік береді - Бектенов

Астана. 18 сәуір. ҚазТАГ – Қазақстан Республикасының премьер-министрі Олжас Бектенов Құрылыс кодексін әзірлеуге қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.
«Құрылыс кодексін әзірлеу кезінде шет мемлекеттердің заңнамасына талдау жүргізілді және олардың әр түрлі нормативтік-құқықтық актілерді кодтау тәжірибесі зерттелді. Дамыған батыс елдерінде (АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Аустралия) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы салалық заңнамалық актілер «Building Code» («Құрылыс кодексі») деп аталады және олар жалпы сала мәселелерін реттейді», - деп жауап берді Олжас Бектенов.
Ол қала құрылысын жоспарлау мен сәулет шешімдерінің элементтерін іске асыру құрылыс процесі арқылы жүзеге асырылатынын атап өтті.
Оның айтуы бойынша, «Қала құрылысы», «құрылыс» және «сәулет» ұғымдары өзара байланысты, олардың түпкі нәтижесі объектілерді салу және пайдалануға беру болып табылады.
«Жалпы әзірленген Құрылыс кодексі барлық қолданыстағы процестерді, соның ішінде қала құрылысын жоспарлауды, сәулет-жоспарлау тапсырмаларын және басқа да бастапқы құжаттарды дайындауды, жобаларды әзірлеуді, сараптауды, құрылыс-монтаждау жұмыстарын, объектілерді бақылау мен пайдалануға беруді қамтиды. Осыған байланысты мемлекет басшысының келісуі бойынша құжаттың атауы Құрылыс кодексі ретінде айқындалды», - деп мәлімдеді үкімет басшысы.
Бектеновтың мәліметінше, республикалық бюджет комиссиясының шешімімен кодекстің жобасын әзірлеуге Т382,5 млн бөлінді (кейін бұл сома Т363,4 млн дейін азайды).
Сондай-ақ ол, қаржыландыру көлемін анықтау барысында түрлі баға ұсыныстары қаралғанын (Заңнама және құқықтық ақпарат институты – Т1,3 млрд, «White & Case» тәуелсіз компаниясы – Т900 млн, Қазақстанның құрылыс салушылар қауымдастығы – Т760 млн, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ - Т607 млн) айтып өтті.
«Баға ұсыныстары мен құрылыс және сәулет саласындағы ғылыми-зерттеу қызметіндегі тиісті тәжірибеге сүйене отырып, мемлекеттік тапсырманы орындаушы болып «ҚазҚСҒЗИ» АҚ анықталды», - деп хабарлады премьер-министр.
Ол кодекс жобасының сапасы және лауазымдық тұлғалардың жауапкершілігіне қатысты, кодекс жобасын әзірлеу барысында 20-дан астам елдің заңнамаларына талдау жүргізілді, кәсіптік қоғамдастықтың, халықтың, сондай-ақ халықаралық сарапшылардың қатысуымен жобаны талқылау жүзеге асырылғанын айтты.
«Кодекс жобасында реттеудің жаңа нысандары, оның ішінде қоғамдық талқылаулар мен қоғамдық сараптама жүргізу арқылы сәулет-қала құрылысы қызметі саласындағы қоғамдық бақылау көзделген. Қоғамдық бақылау субъектілері: азаматтардың өзін-өзі басқару органдары, БАҚ, азаматтардың өздері және қоғамдық бірлестіктер болып табылады», - деп жауап берді Бектенов.
Үкімет басшысының түсіндіруі бойынша, ұлттық заңнаманың ерекшеліктерін ескере отырып, Еуроодақтың табысты тәжірибесімен ұқсастығы бойынша құрылыс саласының инженерлерін сертификаттау енгізілуде. Сертификаттауды жүргізу жөніндегі функция бәсекелес ортаға беріледі және оны нарыққа қатысушылар жүзеге асырады.
Сонымен қатар, сейсмикалық аймақтарда сәулет-құрылыс жобалаудың құрылысы мен ерекшеліктері ескерілгенін, жаңа реттеу институттары – сейсмикалық қауіпті бағалау енгізілуде екендігін айтты.
«Сәулет, қала құрылысы және құрылыс салаларын цифрландыру көзделген, оның мақсаты мемлекеттік билік органдарын, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын, жеке және заңды тұлғаларды анық мәліметтермен қамтамасыз ету. Мемлекеттік бақылауды күшейтумен қатар, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілеріне қатысты қылмыстық іс-әрекетке дейінгі жауапкершілікті арттыру шаралары жоспарланған», - деді премьер.
Премьер-министр кодекстің қабылдануы құрылыс нарығын монополиясыздандыруға, жоспарлау, жобалау және құрылыс сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Фото көзі: pixabay.com


adimage