ҰҚК ЛГБТ-ға қарсы сөйлеген мәжілісмендерге жасалған ақпараттық шабуылдарды тексеруден бас тартты

Астана. 21 ақпан. ҚазТАГ – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев мәжіліс депутаттарының ЛГБТ қозғалысына қарсы сауалына жауап берді, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.

«ЛГБТ-ға қарсы петиция E-Petition.kz интернет ресурсында 2024 жылғы 29 мамырда орналастырылған. Аталған петицияны қарауды мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырып, мемлекеттік органдардың өкілдерінен, парламент депутаттарынан, қоғамдық бірлестіктерден және өтініш берушіден тұратын жұмыс тобын құрған», - деп мәлімдеді Ермек Сағымбаев.

Ол сонымен қатар, жұмыс тобының қарау нәтижелері бойынша петицияны ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылданғанын атап өтті.

«Депутаттарды қорлау және олардың қызметін жүзеге асыруына байланысты ақпараттық шабуылдар шеңберіндегі Қылмыстық кодекстің басқа да баптары ұлттық қауіпсіздік органдарының тергеуіне жатпайды», - дейді комитет төрағасы.

Айта кетсек, бұған дейін мәжіліс депутаттары үкіметке жолдаған сауалында жоғарыда аталған петиция талаптарын толық қанағаттандыруды, соған сәйкес тиісті шараларды қарастыру керектігін айтқан болатын.

«Үкімет тез арада келесі шараларды қолға алуы қажет: петиция талаптарын толық қанағаттандыру керек; соған сәйкес тиісті шараларды бірге қарастыру керек; ЛГБТ-ны қолдап, мәжіліс депутаттарына ақпараттық шабуылдарды ұйымдастырған тұлғаларды тауып, жазалауы қажет», - деді мәжілісмендер.

Фото көзі: pixabai.com


adimage