Тоқаев су тасқыны салдарынан Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясын онлайн-форматта өткізеді

Астана. 24 сәуір. ҚазТАГ – Қазақстан президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) төрағасының орынбасарларын қабылдады, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
«Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының жаңадан тағайындалған орынбасарлары Юрий Шин мен Лугмар Буларовты құттықтап, олардың бірлікті нығайту, қоғамдық келісімді сақтау ісіндегі жауапты қызметіне сәттілік тіледі. ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов Қасым-Жомарт Тоқаевқа бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуы және Ассамблеяның XXXIIІ сессиясына дайындық барысы жөнінде есеп берді», - делінген сәрсенбідегі хабарда.
Президент еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып, ҚХА сессиясын онлайн-форматта өткізу туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Шараға Ассамблеяның аймақтардағы мүшелері онлайн режимде қатысады.
«Мемлекет басшысы табиғи апаттан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетуге Қазақстан халқы Ассамблеясы зор үлес қосқанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея жұмысын одан әрі жетілдіру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді», - деп хабарлады Ақорда.
Еске салсақ, ҚХА XXXIII сессиясы Астанада 24-25 сәуірде өтеді.

Фото көзі: liter.kz


adimage