Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдады

Астана. 24 қаңтар. ҚазТАГ- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу барысында Тимур Сүлейменов Ұлттық банктің 2024 жылы жүзеге асырған ақша-кредит саясатының қорытындысы туралы есебі мен 2025 жылға арналған монетарлық реттеу жоспары туралы баяндады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу барысында Тимур Сүлейменов Ұлттық банктің 2024 жылы жүзеге асырған ақша-кредит саясатының қорытындысы туралы есебі мен 2025 жылға арналған монетарлық реттеу жоспары туралы баяндады»,- делінген хабарламада.

Президентке Қазақстан экономикасы мен қаржы жүйесінің ахуалы, іскерлік белсенділік, инфляция факторлары, сондай-ақ бағаны тұрақтандыру және инфляция деңгейін ортамерзімді мақсатқа сәйкес 5 пайызға жеткізу үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2024 жылдың қорытындысы бойынша инфляция Ұлттық банктің болжаған шегінде қалыптасқаны, яғни 8,6% пайызды құрағаны айтылды. Тимур Сүлейменовтің айтуынша, сыртқы инфляциялық қысым күшейіп, ішкі инфляциялық тәуекелдер әлі де сақталып отыр.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ұлттық қордың активтері, алтын-валюта резервтері және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жай-күйі жөнінде ақпаратты тыңдады. Атап айтқанда, 2024 жылы Ұлттық қор активтерін басқарудан түскен табыс 7,5 пайызға артып, 4,5 миллиард долларды құраған. Ал Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері 45,8 миллиард долларға жетіп, 27,4 пайызға ұлғайған. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін басқарудан түскен инвестициялық табыс 3,4 триллион теңгені құрады. Ал кіріс көрсеткіші инфляциядан екі есе асып түсіп, 17,8 пайызға жетті.

Президентке валюта нарығындағы жағдай таныстырылып, теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы баяндалды.

Бұдан бөлек, Тимур Сүлейменов банк секторындағы жағдайдың тұрақтылығы, депозиттер базасының қалыпты өсімінің жалғасуы, сондай-ақ қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары мен макропруденциялық саясаттың тиімділігін арттыру жоспары жөнінде айтты.

Ұлттық банк төрағасы Президентке Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту нәтижелері мен Антифрод-орталығының қызметін таныстырды.

Фото көзі: Пресс-служба Акорды


adimage