«Салық қарызы бар қазақстандықтардың шоты бұғатталмауы мүмкін»
Салық бойынша 20 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын қарызы бар азаматтардың шоттары бұғатталмауы мүмкін. Қаржы министрлігі жаңа Салық кодексі аясында осындай өзгеріс ұсынып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Біріншіден, егер қарыз мөлшері 20 АЕК-тен (биыл Т78 640) аспаса, біз борышкерге жай ғана хабарлама жібереміз. Үш градация жасап қойдық. Берешек сомасы өскен сайын шоттарды бұғаттау шарасы да көбірек қолданылады. Сосын бізде салықтан басқа әлеуметтік аударымдар, зейнетақы, медициналық аударымдар бар. Олар бойынша да Т1 немесе Т10 қарыз болса, шотты бұғаттап тастайды. Біз осы мәселені депутаттармен пысықтадық. Шотты бұғаттау шегі ұлғаю жағына қарай қайта қаралады. Яғни Т1000 үшін ешкім шотты бұғаттамайды. Бұл жаңа Салық кодексінің жобасына енгізілген», - деп түсіндірді қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.
Биыл қай өңірлерде су басу қаупі жоғары? – министрліктің болжамы
Су ресурстары және ирригация министрлігі өкілдерінің есебі бойынша биыл аймақтардың ішінде төрт облыста күрделі жағдай орын алуы мүмкін, деп хабарлайды Baq.kz.
Қазір еліміздің барлық су қоймалары тасқын суды қабылдап, қауіпсіз өткізуге дайындалуда.
«Казгидромет бізге болжамдарды ақпанда береді. Әзірге нақты мынау өңірді су басады деп кесіп айта алмаймыз. Алайда, алдын ала болжам бойынша Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ақмола облыстарында су тасқынының қаупі жоғары болады деп айтуға негіз бар» – деді вице-министр Нұрлан Алдамжаров.
Шерзат Болаттың өліміне қатысты тергеу аяқталды
Өткен жылы адам қолынан қайтыс болған 16 жастағы Шерзат Болаттың ісі бойынша тергеу амалдары аяқталды, деп хабарлайды Turkistan.
«Өткен жылдың 4 қазанына қараған түні орын алған кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу аяқталды. Қазіргі уақытта тараптарды сотқа дейінгі тергеу материалдарымен таныстыру процесі жүріп жатыр. Танысқаннан кейін қылмыстық іс оның заңдылығын тексеру және сотқа жіберу туралы шешім қабылдау үшін прокурорға жолданады», – делінген Алматы облысы полиция департаментінің хабарламасында.
15 адам мерт болған: «Семей орманындағы» өртке кінәлі лауазымды тұлғалар сотталды
Бас прокуратураның мәліметінше, «Семей орманындағы» өртті сөндіруді қамтамасыз етпеген лауазымды тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды, деп хабарлайды Orda.kz.
«Резерваттың бас директоры міндетін атқарушы мен Новошульбинск филиалының директорына қатысты қылмыстық іс сотқа жіберіліп, оның шешімімен фигуранттар 2024 жылғы мамырда абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін кінәлі деп танылып (ҚК-нің 292-бабы 3-бөлігі), әрқайсысына жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деп мәлімдеді бас прокуратура.
Фото көзі: gov.kz