Шекара маңында жұмыс істейтіндер айлығына 50% үстемеақы қосылуы мүмкін, елімізде 7300-ге жуық баланың көру қабілеті бұзылған және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 16 қаңтар. ҚазТАГ – Шекара маңында жұмыс істейтіндер айлығына 50% үстемеақы қосылуы мүмкін, елімізде 7300-ге жуық баланың көру қабілеті бұзылған және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Алматы вокзалының қызметкерлері тауар ұрлаумен айналысқан

Бас көлік прокуратурасы 16 қаңтар күні шетелден келген тауарларды ұрлаған қойма қызметкерлеріне қатысты ақпарат берді, деп хабарлайды El.kz.

«Алматы-1 станциясындағы желілік полиция басқармасы 2023 жылдан 2024 жылға дейін Қытайдан келген тауарларды ұрлаумен айналысқан уақытша сақтау қоймасы (УСҚ) қызметкерлерінің тобына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Күдіктілер ұрланған тауарларды жергілікті базарларда сату үшін контейнерлер ішіндегі тауарларға қол жеткізген ақпаратты пайдаланған», - делінген хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, келтірілген шығын Т200 млн-нан асып, отандық және шетелдік компанияларға зардап келтірілді. Жетісу көлік прокуратурасы істі сотқа жолдады.

Екібастұзда тәрбиеші баланы көрпемен тұншықтырған

Әлеуметтік желіде Екібастұздағы балабақшада тәрбиеші ұйқысы келмеген баланың бетіне көрпе жауып, тұншықтырып, ұрып ұйықтатпақ болған бейнежазбасы тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Оқиға жекеменшік балабақшада болған. Қазір тергеу жүріп жатыр, соның қорытындысына қарай шешім қабылданады», - деді осы оқиғаға қатысты қалалық білім беру бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова.

Шекара маңында жұмыс істейтіндер айлығына 50% үстемеақы қосылуы мүмкін

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, шекарадан 50 шақырым қашықтықта жатқан елді мекендерде жұмыс істейтін азаматтардың айлығына 50% үстемақы қосылып, еңбек өтілі өзгеше есептелуі мүмкін, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

«Халықтың көші-қон ағынын азайту және еңбегі артық өңірлерден еңбек мигранттарын тарту мақсатында еңбек тапшылығы бар облыстардың шекаралас елді мекендерінде және экстремалды табиғи-климаттық жағдайлары бар (жылыту маусымы тоғыз айға созылатын) еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінің және батыс өңірінің жекелеген аудандарында (мемлекеттік шекарадан 50 км дейінгі қашықтықта орналасқан) шалғай шекара маңындағы ауылдық округтердің тұрғындары үшін уәкілетті мемлекеттік органдар жалақысына 50% дейін үстемеақы қосу және еңбек өтілін есептеудің ерекше нормаларын жүргізу және т.б. мәселелер пысықталуда», - деп жазылған ресми мәліметте.

Елімізде 7300-ге жуық баланың көру қабілеті бұзылған

Бұл туралы сенат отырысында оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан айтты, деп хабарлайды Baq.kz.

«Олардың 1235-і балабақшада, 4752-сі мектепте және 478-і колледжде білім алып жатыр. Ал 800-ден аса бала мектеп жасына жетпеген. Бұл бағытта 13 арнайы балабақша және 17 арнайы мектеп қана жұмыс істейді. Білім беру ұйымдарында қажеттілікке байланысты осындай арнайы сыныптар мен топтарды ашуға мүмкіндік бар», - дейді вице-министр.

Фото көзі: pixabay.com


adimage