Азаттық пен Қазақстан СІМ журналистерді аккредитациялау бойынша келісімге келді

Астана. 23 сәуір. ҚазТАГ – Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиақауымдастығы мен Қазақстан сыртқы істер министрлігі медиациялық келісімге келді, деп хабарлады «Азаттық радиосы».
«Біз сыртқы істер министрлігімен келісімді құптаймыз», — деп мәлімдеді Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті әрі атқарушы директоры Стив Капус.
2024 жылғы қаңтарда Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Азат Еуропа/Азаттық радиосының 36 журналисіне аккредитация беруден бас тартқан. Азаттықтың кей тілшілері аккредитациясын 2022 жылдың аяғынан бері ұзарта алмай келген. Сөйтіп БАҚ өкілдері сотқа жүгінген.
«Бұл процесс барысында басты мақсатымыз журналистеріміздің Қазақстандағы маңызды жұмысын қауіпсіз әрі компромиссіз жүргізуіне мүмкіндік жасау болды. Өз аудиториямызға тәуелсіз әрі шынайы ақпарат беру міндетімізге адал болып қала береміз және бұл келісім осыны жүзеге асыруға жағдай жасайды деген сенімдемін», — деді Стивен Капус.

Фото көзі: Азаттық радиосы


adimage