Қазақстанда мемлекеттік гранттар сатылып жүргені рас па?, Бозымбаев AZAL ұшағының қара жәшік жазбалары туралы айтты және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 24 қаңтар. ҚазТАГ – Қазақстанда мемлекеттік гранттар сатылып жүргені рас па?, Бозымбаев AZAL ұшағының қара жәшік жазбалары туралы айтты және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Қанат Бозымбаев AZAL ұшағының қара жәшік жазбалары туралы айтты

Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясы ұшағының қара жәшігіндегі әлеуметтік желіге тараған ұшқыштар мен диспетчердің диалогы шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz.

«Мен бұл жазбалармен танысып шықтым. Жарияланған мәліметте экипаж мүшелерінің сөйлескені естілмейді. Біз мұны қара жәшіктердегі жазбалардың жариялануы деп қарастырып отырған жоқпыз. Интернетте белгілі бір мәліметтің шыққаны оның ақиқат екенін білдірмейді. Қара жәшіктердегі деректердің мазмұнынан айтарлықтай айырмашылық бар», - дейді ол үкіметте өткен брифингте.

Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс ардагерлеріне Т5 млн беріледі

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында ҰОС ардагерлеріне Т5 млн көлемінде біржолғы материалдық көмек төлеу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда 2025 жылғы 20 қаңтардағы жағдай бойынша Ұлы Отан соғысының 120 ардагері, сондай-ақ ҰОС жеңісіне үлес қосқан 42 545 азамат тұрады.
Облыстардың, астананың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының ақпараты бойынша Жеңіс күнінің 80 жылдығын мерекелеу құрметіне биыл 120 ҰОС ардагерінің әрқайсысына Т5 млн-нан біржолғы материалдық көмек көрсетіледі.

«Қазақстанда мемлекеттік гранттар сатылып жүргені рас па?»

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәлімдеуінше, Қазнетте гранттарды сату туралы хабарландырулар жалған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Вице-министр Дархан Ахмед-Закидің айтуынша, гранттар тек ҰБТ нәтижелері бойынша қатаң түрде бөлінеді.

«Егер нақты факт болса, біз тексеруге дайынбыз. Ал интернет кеңістігінде түрлі хабарландырулардың болуы – олардың көпшілігі жалған болуы мүмкін екенін білесіздер, және бұл мұқият тексеруді қажет етеді», – деді ол.

Айта кетсек, қазіргі уақытта ҰБТ-ның алғашқы кезеңі басталды. Кейін тестілеу көктемде өтеді, ал соңғы кезең, яғни гранттар бөлінетін нәтижелер бойынша, маусым айында болады.

«Қазақстандағы АЭС-ті қандай компаниялар салатыны маусым айында белгілі болады»

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың мәлімдеуінше, Қазақстанда салынатын АЭС-тің вендоры маусым айында анықталуы мүмкін, деп хабарлайды «Курсив».

Оның айтуынша, вендор компаниялар келіссөз жүргізілуде. Келіссөздер алты айдан кейін аяқталмақ.

«АЭС вендорларына қоятын сұрақтардың тізімі анықталды. Қазір олар өз пікірлерін білдіріп жатыр, Бірінші жартыжылдықтың соңында бұл жұмыстың қорытындысы шығарылып, алдын ала қорытындылар жарияланатын болады», – деді ол.
Ол сондай-ақ әлеуетті жеткізушілер де жартыжылдықтың соңында анықталатынын атап өтті.

Фото көзі: AP/©Азамат Cәрсенбаев


adimage