Қазақстанда 15 сәуірден жол жүрісі қауіпсіздігі бойынша жаңа жобаның пилоты басталмақ

Астана. 28 наурыз. ҚазТАГ - Қазақстанда 15 сәуірден жол жүрісі қауіпсіздігі бойынша жаңа жобаның пилоты басталмақ, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.
«2024 жылғы 15 сәуірден бастап ЭҮШ 2.0 арқылы жол жүрісі қауіпсіздігі саласында мемлекеттік қызметтер көрсету шеңберінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының 2.0 халыққа қызмет көрсету орталықтарының ықпалдастырылған ақпараттық жүйесін Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің «Сервистік орталық» автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен біріктіру бойынша пилоттық жобаны (пилоттық жоба) іске асырылсын» - деп пилоттық жобаны іске асыру туралы бұйрықта айтылған.
Жоба бойынша төмендегі шаралар іске аспақ:
1) «Көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу, есепке алу және есептен шығару, сондай-ақ көлік құралдарын тіркеу туралы куәліктер мен мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін беру»;
2) «Жүргізуші куәліктерін беру»;
3) «Көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісіне телнұсқа беру»;
4) «Міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілдігін тіркеу».
Бұйрық жобасында Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігі және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес ақпараттық жүйелердің ақпараттық өзара іс-қимылын және біріктірілетін ақпараттық жүйелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етсін, деп жазылған.
Жобаны іске асыру туралы құжатта «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы және Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасы заңының 38-бабы 2-тармағының 5-1) тармақшасына және 49-бабы 2-тармағының 1-2-4) тармақшасына, Қазақстан Республикасының ақпарат және коммуникациялар министрі міндетін атқарушысының 2018 жылғы 29 наурыздағы № 123 бұйрығымен бекітілген «Электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін біріктіру қағидаларының 8-тармағына сәйкес пилоттық жоба аяқталғаннан кейін 2025 жылғы 25 қаңтарға дейін және өзінің ақпараттық жүйелерін өнеркәсіптік пайдалануға енгізгенге дейін:
1) ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін сынау нәтижелері бойынша актінің болуын;
2) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес өзінің ақпараттық қауіпсіздік жедел орталығының болуын және оның жұмыс істеуін немесе ақпараттық қауіпсіздік жедел орталығының қызметін үшінші адамдардан алуын қамтамасыз етсін, деп айтылған.
Сонымен қатар, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы (келісім бойынша) пилоттық жобаны іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының ақпарат және коммуникациялар министрі міндетін атқарушысының 2018 жылғы 29 наурыздағы №123 бұйрығымен бекітілген «Электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін біріктіру қағидаларына сәйкес «Smart Bridge» платформасы арқылы қажетті сервистерге қосылуды қамтамасыз етсін, делінген.
«Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің жетекшілік ететін вице-министріне, Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің орынбасарына және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасына жүктелсін», - деп айтылған бұйрық жобасында.
Сондай-ақ құжатта осы бірлескен бұйрық оған мемлекеттік органдар басшыларының соңғысы қол қойған күннен бастап қолданысқа енгізілетіні туралы айтылған.

Фото көзі: ©Мадина Алимханова


adimage